Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте бүтін бір отбасы газдан уланып көз жұмды

Шымкентте бүтін бір отбасы газдан уланып көз жұмдыФото: Gov.kz

Шымкентте Шығыс шағынауданындағы пәтерлердің бірінде бір отбасы газға уланып көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оtyrar.kz басылымының ақпаратына сәйкес, әжесі, қызы мен немересі газдан уланып қалды.

Көршілердің айтуынша, үшінші қабаттағы пәтерден төмендегі тұрғындарға су тамшылай бастаған. Уақыт өткен сайын ағысы жиілеген соң жұрт шағымданып, марқұмдардың телефонына хабарласыпты. Алайда ешкім жауап бермеген соң көршілер құтқарушыларды шақырған.

Төтенше жағдай қызметкерлері кіргенде 35 және 60 жас жамасында екі әйелдің мәйітін тапқан. Ал ваннада кәмелетке толмаған бозбала жансыз күйде жатқан. Болжам бойынша ер бала шомылып жатып бақилық болған. Ал жуынатын бөлмеде ағызған суы сорғалаған күйінде қалған.

Ведомство мәліметінше, қайғылы оқиға табиғи газдан улану салдарынан болған.

“8 ақпанда сағат 16:36-да 112 жедел қызметінің пультіне пәтер тұрғындарының ұзақ уақыт байланысқа шықпай, есік ашпай отырғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел-құтқару жасағының бригадасы жіберілді. Есікті ашқаннан кейін құтқарушылар пәтерден үш адамның мәйітін тапты”, – деп мәлімдеді ТЖД.

Қазір тиісті қызметтер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде жеке тұрғын үйден әйел мен үш кәмелетке толмаған баланың денелері табылғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 10:36