Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте блогер кафе иесінен 20 миллион теңге бопсалады деген күдікке ілінді

блогер бопсалағанФото: Видеодан скрин

Шымкентте блогер кафе иесін қорқытып, бейнежазбаларды жарияламау үшін 20 миллион теңге талап еткен күдікпен ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкентте кафе иесін қорқытып, ақша бопсалады деген күдікпен блогер ұсталды. Ол бір кафеге жиі келіп, ішіндегі көрген-білгенінің бәрін телефонына түсіріп жүрген.

Кәсіп иесіне түрлі "заңбұзушылықтарды" көрсетіп, тексеріс органдарынан қиындық тудырамын деп қоқан-лоқы жасаған. Алайда бейнематериалдарды жарияламау үшін өз "үнсіздігін" 20 миллион теңгеге бағалаған. Ақша берілген сәтте күдікті арнайы белгіленген купюралармен ұсталды.

Кафеде заңбұзушылықтар болған-болмағаны немесе блогердің бәрін ойдан шығарғаны әзірге нақтыланған жоқ. Шымкент полиция департаменті ресми өкілі Бағлан Исатаеваның айтуынша, қабылданған шаралардың күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.



Еске салайық, бұған дейін "Магнум" сауда желісінен ақша бопсалаған блогерлер 7 жылға сотталғанын жазған едік. Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметінше, Петропавл қаласының екі тұрғыны "Магнум" және "Семейный" сауда желілеріне өз беттерімен "рейд” жасап, түсірілген видеоларды әлеуметтік желілерде жарияламау үшін ақша бопсалаған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 09:40