Шымкентте байланыс операторларына 44 миллион теңге айыппұл салынды
Шымкентте ұялы байланыс операторларына сапасыз қызмет көрсеткені үшін 44 миллион теңге айыппұл салынды. Арнайы инспекция қызметкерлері қалада байланыс пен интернет сапасы қанағаттанарлықсыз аймақтарды анықтады. Тұрғындар бұл мәселелерге бірнеше рет шағымданданса да нәтиже бергемен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
"Қазығұрт" шағын ауданында байланыс мәселелері әдеттегі жағдайға айналған. Ұялы сигнал жиі жоғалып кетеді және интернеттің жылдамдығы төмен. Мұндай мәселелер тұрғындардың ашуын келтіреді дейді шымкенттік Сүлеймен Қамбаров.
"Мұндай кезде ересектер жүйке жұқартады. Ал балалар, өздеріңіз білесіздер, телефонды лақтырып тастағысы келеді. Егер біз 100% төлесек, олар да байланысқа кепілдік беруге тиіс. Қоңырау шалу да қиын, кейбір үйлер мен дүкендерге кірсеңіз, мүлдем байланыс жоқ", – деді Сүлеймен Қамбаров.
Сатушы Мейіржан Бердіахметтің сөзінше, дүкендердің жанында телефондарын жоғары көтеріп, сигнал іздеп жүрген адамдарды жиі көруге болады. Қай жерде сигнал күшті екенін іздейді дейді ол. Оның айтуынша, мұндай жағдай бір емес жиі қайталанып тұрады.
"Маған келетін клиенттердің қосымша арқылы төлем жасау кезінде қиындықтары болып тұрады. Себебі желі нашар жұмыс істейді. Дәл осындай жағдай QR-кодтар мен аударымдар кезінде де кездеседі. Кейбір клиенттер төлем жасау үшін сыртқа шығуға мәжбүр", – деді Мейіржан Бердіахмет.
Шымкент цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемеловтің айтуынша, мониторинг кезінде қалада нашар немесе мүлдем байланысы жоқ 45 жер анықталды. Бір жыл бұрын мұндай орындардың саны үш есе көп болған. Бұған қарамастан мәселелер әлі де бар. Ал операторлар сапасыз қызметтері үшін айыппұл төлеуге міндеттелді.
“Бізде байланыс сапасын бақылаумен айналысатын арнайы орган бар. Бұл байланыс бойынша өңіраралық инспекция. Дәл осы орган Шымкент қаласында үш мобильді операторға 44 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Осы шараларға қарамастан жағдай әлі де мінсіз емес. Қаланың шеткері аудандарында сигнал әлсіз күйінде қалып отыр. Мамандардың айтуынша, мәселелерді шешуге тұрғындар арасындағы радиофобиялық көңіл күй де кедергі келтіріп жатыр”, – деді Мұхит Кемелов.
Дегенмен цифрландыру басқармасы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Қаланы толық қамту және 5G желісін енгізу 2027 жылға қарай аяқталады деп жоспарланды.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында Леңгір қаласына қарасты Шахта-Тоғыс елді мекенінің халқы көз ашқалы желі мен интернет байланысын көрмегенін жаздық. Ауыл адамдарды ұялы телефонмен сөйлесу үшін қыр жағалап, күрең жолдың бойында жүреді. Бәрінен де мектеп оқушыларына, Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын түлектер мен мұғалімдерге қиын болды дейді тұрғындар.