Шымкентте балаларын үтікпен күйдіріп, ауыздарына қыздырылған шанышқы басқан әйелге қатысты сот үкімі шықты

Шымкентте төрт баланың анасы өз балаларын қорлағаны үшін ата-ана құқықтарынан шектелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биыл қаңтарда денесінде ауыр жарақаттары мен күйіктері бар балалардың видеосы тарап, қазақстандықтарды шошытқан еді. Кейінірек сол дене жарақаттарын балалардың туған анасы салғаны белгілі болды. Әйел ұлы мен қызын аяусыз соққыға жығып, денелерін қызып тұрған үтікпен күйдірген. Қатыгез ана тіпті үлкен қызының шашын күштеп алып, аузына қыздырылған шанышқы басып алған көрінеді.
Оқиға белгілі болғаннан кейін балалар әжелерімен бірге ауруханада ем қабылдады. Олардың жағдайы физикалық тұрғыдан да, психологиялық жағынан да ауыр деп бағаланды.
“Ол балаларды қатты ұрып-соғып жүрді, үтікпен күйдірді, темір заттармен сабады. Қошқарата өзеніне апарып, суық суға батырып, кейін үйге қайта әкеліп, ваннада да солай істейтін. Шаштарын қиып, жұлып тастайтын. Бірнеше жерінен сіріңкемен күйдірген. Шанышқыны газға қыздырып, сонымен балалардың аузын күйдіріпті. Немерелерім түнде жылап: “Ұрма, ұрма” деп жалынатын”, – дейді балалардың әжесі Мұхаббат Ергешова.
Жантүршігерлік қорлық туралы 9 және 11 жастағы екі бала мектепке баруды тоқтатқаннан кейін жария болды: ұстаздары алаңдап, тексеру үшін үйге барған кезде жағдайды анықтап, дереу полицияға хабарлады. Сол кезде 29 жасар әйел ұсталды.
Ата-ана құқықтарын шектеу
Жақында Шымкенттегі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған аралас ауданаралық сотта қала білім басқармасының арызы бойынша осы балалардың анасының ата-ана құқықтарын шектеу және алимент өндіру мәселесі қаралды.
Сот әйелдің кәмелетке толмаған балаларға қатыгездік жасағанын анықтады.
Ол уақытта балалардың әкесі табыс табу үшін Францияға жұмысқа кеткен, ол болған оқиғалардан хабардар. Ал бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәліметінше, 4 және 1 жастағы кенже балалар мемлекет қамқорлығына алынған.
“Сот Қазақстан Республикасы “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Кодексінің талаптарын және балалардың мүдделерін ескеріп, талапты қанағаттандырды”, – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Бұған қоса, әйелге қатысты балаларға қатыгездік пен азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, ата-ана құқықтарын шектеу – ата-ананың балаға қатысты шешім қабылдау немесе онымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігінің бір бөлігінен айыру. Ата-ана құқықтарының кейбірі, яғни баламен байланысты болу сақталады, бірақ тәрбиелеу, тұру, оқу немесе мүлікке қатысты шешім қабылдауға құқығы болмайды. Бұл шара сот тарапынан “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Кодексіне сәйкес, балаларға қатыгездік немесе міндеттерді орындамау жағдайында олардың мүдделерін қорғау үшін қолданылады.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әйел өз баласын жылу батареясына байлап, аяусыз ұрып-соққаны туралы жазған едік. Оқиғаның видеосы желіде тарағаннан кейін баласын аяусыз ұрған әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Шетелдіктерге қазақ тілі тесті қаншалықты қиын: Ыхтиярхат ала алар ма едіңіз, тексеріп көріңіз