Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте жалақысыз қалған жұмысшылар әкімдік тапсырмасымен салынған үйдің кірпішін бұзып, сататынын мәлімдеді

400-ге жуық құрылысшының алды бір жарым жыл, соңғы төрт айдан бері айлық алмаған. Берген уәделерінде тұрмаған компания басшылары енді телефон қоңырауына жауап беруді қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Отбасын асырау үшін еңбек етіп жүрген жұмысшылар несие төлейтіндерін, оның үстінен үстемақы жүріп жатқанын айтады. Ашынған жұмысшылар жақын күндері еңбекақысын бермесе өздері орнатқан құрылыс материалдарын бұзып, сатуға бекініп отыр. 

“Кірпішін бұзсақ болады, құбырын бұзып, алып кетсек болады. Соған кеп тұрмыз, соған тақалып тұр, шынына келгенде. Енді солай айғайлатып сатамыз, басқа не істейміз?! Осы апта төлемесе, сөйтеміз енді”, – дейді жұмысшылардың бірі Ардақ Өтепбергенов.

Әкімдіктің тапсырысымен салынған әр үйдің бағасы шамамен 600 миллион тұрады. Тапсырыс берген Құрылыс басқармасы ақшаның бір бөлігін мердігерге беріпті. Компания енді құрылыста жіберген олқылықтарының орнын толтырса, қалған соманы аударамыз деп отыр.

Шымкент құрылыс басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мақсат Иманәлиевтің айтуынша, "Медина групптағылар” жоқ. Алайда оларға орындалған жұмыс бойынша актілерін ұсынған. Оларға ақша толық аударылмаған көрінеді. Айтуынша, басшылар тарапынан келіссөздер жүргізіліп жатыр.  



“Жұмысшылардың айлығын беру бойынша әкімдік тарапынан ықпал жасалды. Ықпал еткенде, бастықтармен түсіндірме жүргізіп, бәрін жеткізіп, осындай жағдай орын алып жатыр, әлеуметтік шиеленіс болуы мүмкін алдын алу керек деген сияқты нәрселер айтылады”, – дейді  Мақсат Иманәлиев.

Жұмысшылар наразылығынан соң оқиға орнына жеткен Еңбек инспекциясы еңбек қатынастарының өрескел бұзылғанын айтады. Бірақ мердігер компаниялар Қонаев қаласы мен Алматыда тіркелген соң арыздарды қабылдап сол жаққа жібереді. 

“Ауызша келіссе де, ол сол жұмысқа түскен күннен бастап еңбек қатынастары туындады деген есепті білдіреді. Сондықтан қызметкерлер арасында осы соңғы айлықтарын алғаны жөнінде түбіртектері бар екен, компания атынан. Сол үшін түбіртектерді, біз арыз формаларын беріп кеттік. Соны бізге қарап жібереді”, – дейді Шымкент қаласы Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов.

Бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны 130 мың теңгеге көтеру қарастырылып жатқаны туралы жазған едік.

Талқылау