Шымкентте әкімдіктің басқарма басшысы ұсталды
Шымкентте қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшыcы Мұхтар Қоқанбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Ол мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау кезінде бюджет қаражатын кедергісіз төлегені үшін кәсіпкерден 13 миллион теңге көлемінде пара алды деген күддіке ілінді", - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент бойынша департаментінің хабарламасында.
Соттың санкциясымен күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды. Сонымен қатар, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1 — бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі", - делінген Антикор хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев небәрі 4 ай бұрын тағайындалған болатын.