Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 26 жастағы келіншекті азаптап өлтіріп, мәйітін қоқысқа тастаған оқушыға үкім шықты

Диана ОңғарбаеваФото: Stan.kz

Шымкентте 26 жастағы келіншекті азаптап өлтіріп, мәйітін қоқысқа тастаған оқушыға сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

11-сынып оқушысы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. 

Бұған дейін айыптау актісін оқығанда прокурор қанды қылмысты жасаған соң оқушы өлі денені зорлағанын да жариялаған еді. Алайда сот жігітке тағылған бұл айыпты дәлелсіз деп танып, алып тастапты. Осылайша мәйітті қорлау бабы жойылып, 17 жастағы жігіт адам өлтіру және ұрлау баптары бойынша ғана кінәлі деп танылды.

"Сотталушыға 7 жыл 6 ай берілу себебі заңға сәйкес кәмелетке толмағандарға жаза 10 жылдан аспайды. Ал қылмыстық кодекстің 52-бабының 3-тармағына сәйкес, ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде ең жоғарғы жаза он жылдың 4/3-інен асуға болмайды деп көрсетілген”, – деді судья Бақыт Туналиев.

Алайда соттың бұл үкімімен марқұмның туыстары мүлде келіспейді. Олар берілген жаза тым жеңіл дейді.

"7 жыл – осындай ауыр қылмысқа өте жеңіл жаза. Оны өлтіріп, бір жерінен пышақтамаған ғой. Жыныстық қатынасқа түсу мақсаты болған. Оны дәлелсіз қалдырып отыр. Өзінің берген жауабы да бар. Мәйітті қорлауды алып тастап отыр. Ол пакетке салып қоқысқа тастағанның өзі мәйітті қорлауға жатады. Біздің әпкемізді кім қайтарып береді? Екі қызға шешесін кім қайтарып береді?”, – дейді марқұмның сіңлісі Айдана Оңғарбаева.


"Мәйітті пакетке орап, қоқысқа тастаған": Шымкентте 26 жастағы келіншекті азаптап өлтірген оқушыға қатысты сот басталды


Еске салайық, шілде айында Шымкенттегі қоқыс маңынан пакетке оралған Диана Оңғарбаеваның мәйіті табылған еді. Жоғалып кеткен оны туыстары он күн бойы іздеген. Үй тазалап, ақша табуға кеткен ол сол күйі оралмаған. Белгілі болғандай оны жұмысқа шақырған жасөспірім келіншекті азаптап өлтірген. Сөйтіп мәйітін түн ішінде қоқыс маңына алып барған. Прокурор айыптау актісін оқығанда оқушы әйелді өлтірген соң зорлағанын айтқан еді. Алайда сот барысында бұл үкімнің күші жойылған. Өйткені бұл қылмыс дәлелін таппады дейді судья.

Еске салсақ, осыған дейін Шымкентте мәйіті қоқыстан табылған Диана Оңғарбаеваны жақындары ақтық сапарға шығарып салғанын жазғанбыз. Тұңғышын жер қойнына тапсырған анасы көргенде өз перзентін танымай қалған.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 04 Желтоқсан, 2025 16:12