Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Руслан Берденовке жасалған шабуылдың алдын ала себебі айтылды

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шымкент қаласының полиция департаменті Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді.

"2025 жылғы 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында атыс қаруы қолданылған оқиға болды. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазір оған барлық қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен бір азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды", – делінген хабарламада.

Хабарламада сондай-ақ "Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталатыны" айтылған. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Михаил Козачков өзінің Telegram арнасында жариялаған ақпаратта, күдіктіні ұстауға Руслан Берденовтің жүргізушісі көмектескенін жазды.

Шабуыл жасаған адам әкімдік ғимаратының жанында шенеунікті күтіп тұрған. Ол сыртқа шыққан сәтте, жақын қашықтан бірнеше рет оқ атқан.

Бұл жағдайды Берденовтің қызметтік көлігінің жүргізушісі байқап қалып, тез әрекет етіп, газды басып, шабуылдаған адамды көлікпен қағып кеткен.

Осылайша ол басшысын аман алып қалған болуы мүмкін.

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, 1994 жылы туған Ернар Жиенбай, әкімдікке қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС қызметкері, "Сайга-12" маркалы аңшы мылтығынан үш рет оқ атқан. Ақпаратта Ернар Жиенбай Берденов әйеліне тиіскені үшін осындай әрекетке барғаны айтылған.

Дегенмен Берденовтің партияластары оған қоқан-лоқы жасалғанын хабарлады. Кәсіпкер Бейбіт Әлібеков бұл оқиғаның қаладағы құрылыс саласында тәртіп орнатумен байланысты болуы мүмкін екенін жеткізді. 

"Жеке өзім бұл жағдай Шымкенттегі құрылыс саласында тәртіп орнатумен байланысты деп ойлаймын, букмекерлік кеңселерге қатысы бар деген де күмәнім бар. Тек бүгін ғана осы тақырыпта қатал жиын өтті. Маған Русланға қоқан-лоқы жасалғанын айтқан еді", – деп жазды кәсіпкер Telegram-арнасында.

Еске салсақ, осыған дейін Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кеткенін жазғанбыз.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 21 Сәуір, 2025 22:00
Талқылау