Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Кәсіпкер, депутат және букмекерлерге қарсы тұлға: Шымкент әкімдігінің алдында оққа ұшқан Руслан Берденов туралы не белгілі

Фото: Видеодан скрин

2025 жылы 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында Руслан Берденовті атып кетті. Кейін БАҚ беттерінде оны оққа ұшырған "Тұрғын үй Шымкент"ЖШС басшысы Ернар Жиенбай екені айтылды. Әкім орынбасары қызметіне кіріскеніне енді ғана екі ай болған Берденов туралы не белгілі? Ол қандай компанияларды басқарады? Stan.kz ақпарат агенттігі шолу жасап көрді. 

Руслан Берденов туралы не белгілі

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов 1985 жылдың 6 наурызда дүниеге келген. 2006 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін қаржы менеджменті мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2009 жылы іскерлік әкімшілік магистрі мамандығы бойынша КИМЭП университетін аяқтаған.

Берденов кәсіп жолын 2005 жылы "Almaty Kus" Сеймар Групп ААҚ-да бөлшек сауда директоры қызметінен бастаған. Одан кейін "Procter & Gamble LLP" компаниясында бас логистикалық үйлестіруші, "Eastcomtrans" ЖШС-де жылжымалы құрамды жалға беру департаментінің директоры және "Ақ ниет" ЖШС-нің бас директоры, бақылау кеңесінің мүшесі, бақылау кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Ал 2023-2025 жылдың 24 ақпанына дейін Respublica партиясы атынан Мәжілістің VIII шақырылымының депутаты болды. Биыл ақпан айынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. 

Берденов кәсіпкер ретінде… 

Kompra.kz мәліметінше, Руслан Берденов қазір төрт компанияның құрылтайшысы ретінде тіркелген. Ол компаниялар: 

  • "PANA BOUTIQUE HOTEL" ЖШС; 
  • "GOLDEN GRAIN TRADE" ЖШС;
  • "JIDE COUTURE" ЖШС;
  • "Bori Group" ЖШС.

ЖШС "PANA BOUTIQUE HOTEL" компаниясы Шымкент қаласында К.Байсейітова көшесі, 4 мекенжайында тіркелген. Бұл жерде 26 бөлмелі төрт қабатты қонақ үй орналасқан.

Фото: travel.yandex.ru

Ресми мәліметке сәйкес, Pana Boutique Hotels – іссапарлар мен отбасылық демалыстарға арналған бутик-қонақүйлер желісі. Компания 10 жылдан аса құрылыс, кеңес беру және "мейрамхана мен қонақүй бизнесіне қатысты мәселелермен" айналысып келеді. Бұл желіге 4 қонақүй мен 3 премиум мейрамхана кіреді. Бұл желіге Ресейде орналасқан Pana White Hotel Moscow да кіреді.

Құрылтайшылар қатарында Руслан Берденовтен басқа Біржан Сатанов пен Дәурен Бексейіт бар. Алайда ресми сайтта Берденовтің аты-жөні нақты көрсетілмеген. 2020 жылдан бері ЖШС 22,1 миллион теңге салық төлеген екен. 

Екінші компания "GOLDEN GRAIN TRADE" ЖШС астық, тұқым және мал азығын көтерме саудамен айналысады.

Компания Қостанай қаласында 2022 жылы  тіркелген. ЖШС-ның бірінші директоры Зейнолла Әбдуманапов. Қазір кәсіпорынның 2 миллион 819 мың 883  теңгеден астам салық берешегі бар. Абдуманаповтан басқа компания құрылтайшылары арасында Руслан мен Арман Берденовтер бар.

Скрин: kompra.kz

Ал компанияның 2022-2025 жылдар арасында төлеген салық мөлшері 72 миллион 089 мың 063 теңге болған. 

Скрин: kompra.kz

"JIDE COUTURE" ЖШС Алматы қаласында тері бұйымдарын шығаруға маманданған. Компанияның Instagram желісінде жеке парақшасы бар. Онда қолдан жасалған кафтандар мен шапандар шығарылатыны айтылған.

Серіктестіктің құрылтайшылары Руслан Берденов пен Шайбану Ниязалиева. Салық төлеген иә төлемегені туралы дерек жоқ. 

"Bori Group" ЖШС "көлемі 2 000 шаршы метрден аспайтын дүкендерде бөлшек саудамен" айналысады. Ашық дереккөздерде компанияның қызметі туралы ақпарат жоқ. Тіркеу орны: Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 77/7 ғимарат. Esentai Tower осы мекенжайда орналасқан.

ЖШС құрылтайшылары Руслан Берденов пен Аман Қабдырашит. Салық төлеген иә төлемегені туралы дерек жоқ. 

Europharma мен Sandyq

Ғаламторда бұған дейін Руслан Берденовтің Қазақстандағы дәріханалар желісі мен мейрамханаларды басқарғаны туралы ақпараттар жетерлік. Олар Қайрат Итемгеновке тиесілі "Aq Niet Group" ЖШС құрамында болған. 

Ресми сайттың хабарлауынша, Aq Niet Group портфолиосында қазіргі уақытта Қазақстандағы ең ірі фармацевтикалық дүкендер желісі Europharma және облыс орталықтарындағы "Арзан Фарм" фармацевтикалық дүкендер желісі бар. Республика бойынша бұл желілердің 280-ге жуық дәріханасы бар. 

Берденов 2011-2018 жылдар аралығында Aq Niet Group бас директоры болды, кейін компанияның бақылау кеңесі төрағасының орынбасары болды. Қазіргі уақытта компанияның ресми сайтында Руслан Берденов бақылау кеңесінің мүшесі ретінде көрсетілмеген.

Алайда 2025 жылдың қаңтар айының басында Europharma қазақстандық дәріханалар желісін Руслан Берденовтің 100% сатып алатыны туралы ақпарат тарады. Дегенмен мәміле сомасы жарияланбаған. Айта кетейік, Итемгенов фармацевтикалық бизнесті тастамады. ArzanPharm дәріханалар желісі ол басқаратын Aq Niet тобының басқаруында қалады делінген. 

Europharma LLC Forbes нұсқасы бойынша 50 ең ірі онлайн сауда платформаларының қатарына кіреді.

Europharma.kz – дәрі-дәрмек, дәрумендер, балалар мен аналарға арналған өнімдер, тағамдық қоспалар, косметика сататын интернет-дүкен. Europharma брендімен бірінші офлайн дәріхана 2006 жылы ашылды. Қазір оффлайн желісі Қазақстанның 15 қаласы мен 55 облыс орталығындағы 204 сауда нүктесімен ұсынылған. Europharma желісі Еуропалық Одақ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тарату стандарттарына сәйкес салынған.

2022 жылы Forbes журналына берген сұхбатында Берденов Шымкент пен Түркістанда Сандық деп аталатын екі мейрамхананы, Алматыда Сандық Жетісуды ашу ойы барын айтты. 

Бұған дейін желіде "Руслан Берденов Спорт министрлігінің ақшасына мейрамхана ашып алыпты. Қазір мемлекеттік қызметкерлер сол жерде қонақ күтеді, кәсіпті бірге айналдырып жатыр" деген әңгімелер тараған еді. Алайда кейіннен мәжіліс депутаты бұл ақпаратты жоққа шығарған еді. 

Ол мұны жалған ақпарат деп атап, мейрамхананы ешкімнің ақшасына ашпағанын жеткізді. 

"Шынымды айтсам, мен әлі депутат емес кезде Астанадан бұрыннан бір жер іздегенмін. Өзіміздің салт-дәстүрге сай, үлкен деңгейдегі мейрамханамыз болсыншы деп ойлап жүрдік. Алайда оған лайықты орын таба алмадық. Бір күні "Sensata" деген компанияның басшысы қоңырау шалды. Ол "Жақсы жерден жоба салып жатырмыз, мен өзіме бір ғимарат алдым. Сол ғимаратқа мейрамхана ашсақ деп ойлап жатырмын. Бірақ ойлана келе, сендердің концепцияларың маған ұнады. Қазақтың иісі шығып тұрған жоба екен, оны өзімнің объектімде көрінгім келеді" деді. Екеуміз тек таныспыз, ешқандай басқа қатысымыз жоқ. Бұрын бірге Головкиннің ойынына бардық, басқа да жерлерде кездесіп қалып, сөйлестік, бірақ жұмыспен ешқандай қытысымыз жоқ. Содан оны біз жалға ала алмаймыз, ол бізге тиімсіз. Алайда ол "Сен осыны сатып ал, бағасын арзанға берейін, уақытын шегерейін" деді. Мен өз ыңғайымды айттым, ол да өз бағасын айтты. Солайша бір бағаға келістік. Министрлікте мұндай бюджет болса, Спорт және туризм министрлігі басқа елдерде осындай жобалар ашып жатса, қане, мұндай бюджет жоқ қой. Мұны қаралау деп білемін. Тура сол кезде лудоманияға қатысты заң шығып жатты. Соған ақпараттық шабуыл болды деп ойламын. "Сандықта" мемлекеттің бірде-бір тиыны жоқ. Оған мемлекеттің ешқандай қатысы жоқ", - деп жауап берген ол. 

Айта кетейік, Сандық мейрамханасы қазір де өз жұмысын жалғастырып жатыр. 

Депутат Берденовтің сотқа тартылуы...

Руслан Берденов 2023 жылы депутаттық қызметке кірісіп, букмекерлік кеңсе мәселесін көтерді. Ол өз мәлімдемесінде ойын бизнесінің "адам капиталы мен отбасыларды құртып жатқанын" атап өтіп, елдегі ажырасулардың 38%-ы құмар ойындарға тәуелділіктен екенін айтқан. Сондай-ақ жүздеген мың мектеп оқушыларының құмар ойын ойнайтынын жеткізген. Ол өңірлерде халықпен кездесу кезінде ойынқұмарлар үшін жылап жүрген ер-азаматтарды, олардың әкелері, ағалары мен ұлдарын көргенін мысалға келтірді. 

“Олар бізге ойынға тәуелді боп қалған жақындары жұмысындағы жиһаз, техника, тіпті қабырғадағы түсқағаздан басқа, үйдегі дүние-мүліктің түгін қалдырмай сатып жібергенін айтты. Үкімет осы ұйымдардың жарнамалық қызметін бақыламайды. Өйткені "букмекерлер барлық спортқа демеушілік жасайды, салық төлейді" дейді. Бірақ мен лудомандарды емдеуге кететін шығын бюджетке түсетін салық табысынан әлдеқайда көп екені туралы мәліметтер келтірдім", - деді Берденов. 

Сондай-ақ ол мәселені шешудің бірнеше тетіктерін ұсынған:

  • заңнамалық деңгейде барлық ақпараттық алаңдарда осындай ұйымдарды жарнамалауға толық тыйым салу;
  • интернетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет-контентті шектеу бойынша ең озық жүйелердің бірі ретінде Қытай тәжірибесін зерделеу;
  • Банктік карталар, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарының төлемдерін қабылдауға тыйым салу.

Осыдан кейін Берденовті Қазақстан букмекерлік кеңселер қауымдастығы жалған ақпарат таратты деп айыптап, сотқа берді. Қауымдастық уәкілетті органдарға Берденов таратқан ақпараттарға қатысты деректер мен статистикалық мәліметтерді ұсыну туралы сауалдар жолдаған. 

Олар соттан Берденов таратқан жалған ақпаратты ойын бизнесін ұйымдастырушы заңды тұлғалардың іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп тануды, ойын бизнесін ұйымдастырушылардың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін оның таратқан жалған ақпаратын теріске шығаруға міндеттеуді, сондай-ақ бірлестіктің пайдасына сот шығындарын өндіріп алуды талап еткен.

Дегенмен Руслан Берденов бұл сотта жеңіп шықты. Сот Берденовтың сөзінде бірлестіктің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер жоқ деген қорытындыға келді. Сонымен қатар талап-арызда бірлестік пен оның мүшелеріне қатысты нақты фактілер көрсетілмеген. Филологиялық-психологиялық сараптама олар туралы теріс ақпарат болмағанын растаған. Сот шешіміне сәйкес, қауымдастық адвокат қызметі үшін депутатқа 300 мың теңге төлеуі тиіс болған.

Руслан Берденов депутат болып жүріп, халықты қорғайтын “Бэтмен” кейіпкері ретінде көзге түсті. 2024 жылдың шілде айында Берденов әлеуметтік желідегі парақшасында ел күтпеген видео жариялады. Respublika партиясының мүшесі болған әкім орынбасары Абу Даби Плаза шатырында батыр кейпінде, видео түсірген. 

2023 жылдың наурыз айында Мәжіліс депутаты қызметіне кіріскен Берденов, 2025 жылдың 24 ақпанында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Осылайша ол депутаттық қызметтен кетті. Оның орнына депутаттық лауаузымға Екатерина Смолякова келді. 

Руслан Берденов әкім ретінде…

Оның Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалғанына енді екі ай болды. Қала әкімдігінің сол кездегі мәліметіне сәйкес, Руслан Берденовті әкім орынбасары қызметіне тағайындау туралы шешім Президент Әкімшілігімен келісе отырып қабылданды. 

Ол келе сала “Шымкентте жемқорлық жоқ” деп айтып, айды аспанға бір-ақ шығарды.

"Мемлекеттік сатып алулар бойынша – бізде бұрын болған сыбайлас жемқорлық деректері қазір жоқ. Мен мұны ашық, ресми түрде айта аламын және бұл тек менің емес, осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің сөздері. Қазір құрылыс саласында, мемлекеттік сатып алуларда сыбайлас жемқорлық жоқ", — деді Берденов журналистермен әңгімелесу кезінде.

Экс-депутаттың мәлімдемесі желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырып, олар әкім орынбасарының сөзіне күмәнмен қарап, тіпті әзілге айналдырып пікір білдірді. 

Осы мәлімдемеден соң арағы бір жарым ай салып, қалалық әкімдік ғимаратының алдында Берденовті атып кетті. Кейін атқан күдікті қалалық әкімдікке қарасты “Тұрғын үй Шымкент” ЖШС басшысы Ернар Жиенбай екені айтылды. Ол 1994 жылы туған азамат. Полиция Жиенбайды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал Берденовке оң жамбасы мен иығына оқ тиген. Күдікті оған үш рет оқ атып үлгерген. Мұны Берденовтің қызметтік көлігінің жүргізушісі байқап, тез арада газды басып, күдіктіні көлігімен қаққан. Осы жағдайдан соң әкім орынбасарына шұғыл ота жасалып, қазір  жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. 

Берденовке оқ атылғаннан бері оған жасалған қастандықтың түрлі нұсқасы айтылды. Бірі, Берденов күдіктінің әйеліне қырындаған десе, енді бірі тұрғын үй саласындағы жағдай, букмекерлік кеңсе мәселелері себеп болды деді. 

Ал тергеу мәліметінше, күдікті Ернар Жиенбай 10 күн бұрын өткен кездесуден кейін Берденовті ұнатпай қалған. Жиында Жиенбай бастықтарға дөрекі сөйлеген. Нәтижесінде әкімнің орынбасары сөгіс жариялап, жиналыстан шығуын өтінген. Сосын Берденов "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС жұмысын тексеріп, серіктестік директорын қызметінен босату туралы бұйрық берген. Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, осы жағдайдан соң күдікті кек алуды ұйғарған. Ол өзімен бірге 10 оқ алып шығып, кісі өлтіруді жоспарлаған болуы мүмкін дейді журналист. 

Енді мәселенің ақ-қарасы Шымкент қаласының әкімі құлан-таза айыққан соң белгілі бола жатар. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 22 Сәуір, 2025 15:58
Талқылау