Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент әкімі Руслан Берденовке жасалған қастандыққа не себепті пікір білдірмей отырғаны белгілі болды

Фото: Шымкент әкімдігі / Ғабит Сыздықбеков пен Руслан Берденов

Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Руслан Берденовке жасалған қастандық күні не болғанын және не себепті қала әкімі Ғабит Сыздықбеков әлі күнге дейін бұл оқиғаға қатысты пікір білдірмей отырғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әкім орынбасары Құранбектің айтуынша, әкім Ғабит Сыздықбеков және оның барлық орынбасары Руслан Берденовке Ернар Жиембай оқ атқан сәтте жұмыс орнында болған. Оқ атылғаннан кейін барлық шенеунік сыртқа шыққан. Оқиға орнына келген жедел жәрдем Руслан Берденовті Шымкенттегі №1 қалалық ауруханаға жеткізіп, оған жедел ота жасалған. Белгілі болғандай, әкім мен орынбасарлары осы ауруханада Берденовтың жанында болған.

"Операция №1 қалалық ауруханада жасалды. Өздеріңіз білетіндей, ол ұзаққа созылды. Бұл туралы әлеуметтік желілерде көп айтылып жатыр. Қала әкімі мен орынбасарлары операция аяқталғанға дейін ауруханада болды. Бұл шамамен түнгі 02:00-де аяқталды. Содан кейін бәріміз үйлерімізге тарадық. Бұл жағдайды толығымен бақылауда ұстадық. Тергеу бірден басталды. Бұл істе полициямен қатар қалалық прокуратураның да үлкен үлесі бар. Полиция мен медицина қызметкерлеріне алғыс білдіреміз", – деді Сәрсен Құранбек.

Ғабит Сыздықбековтің және оның орынбасарларының осы күнге дейін ешқандай мәлімдеме жасамауының себебі – тергеудің басталуы. Құранбектің айтуынша, бұл қылмыстық оқиғаға қатысты барлық ресми ақпаратты тек полиция береді.

"Біз қазір ешқандай пікір айта алмаймыз. Біздің сөзіміз тергеуге кедергі келтірмеу үшін артық мәлімет бере алмаймыз", – деп бірнеше рет атап өтті әкімнің орынбасары.

Сондай-ақ Құранбек қылмысқа қатысты тарап жүрген түрлі нұсқалардың ешқайсысы шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның пікірінше, Ернар Жиенбайдың тұрақсыз психоэмоциялық жағдайы және психотроптық заттардың ықпалы да бұл қылмысқа себеп болуы мүмкін. Дегенмен нақты шешімді тергеу береді.


Кәсіпкер, депутат және букмекерлерге қарсы тұлға: Шымкент әкімдігінің алдында оққа ұшқан Руслан Берденов туралы не белгілі


Депутат Қожаназаров Берденовтің есін жиған соң айтқан алғашқы сөзін жеткізді


Еске салайық, бұған дейін Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кеткенін жазғанбыз. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды. Бірі Руслан Берденов шабуыл жасаған адамның әйеліне тиісті десе, енді бірі бұл жағдайды Шымкенттегі құрылыс саласында тәртіп орнатумен байланыстырды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Сәуір, 2025 13:57
Талқылау