Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент тұрғыны әкімдіктен 83 миллион теңге өндіріп алды

Фото: unsplash.com

Шымкент қаласында мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесіне қатысты дау сотта қаралып, мүлік иесінің құқығы қорғалды. Сот шешімімен жергілікті атқарушы орган талап қоюшыға тиесілі жер телімінің нарықтық құны көлемінде 83 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында қала тұрғынының жергілікті атқарушы органдарға мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесіне өтемақы құнын төлеуді міндеттеу туралы талап қоюы қаралды. Істі қарау кезінде талап қоюшы жалпы алаңы 0,1900 га жер учаскесінің меншік иесі.

"Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен талап қоюшының жер учаскесін мемлекеттік мұқтажы үшін өтемақы төлеу арқылы алып қою белгіленген. Алайда, талап қоюшы осы жер учаскесінің құны ретінде ұсынылған 46 миллион теңге өтемақымен келіспеген. Осыдан кейін Шымкент қаласы әкімдігі сотқа аталған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюмен жүгінген. Алайда, талап қоюшының арызы бойынша осы талап қою қараусыз қалдырылған", – делінген хабарламада.

Әрі қарай Шымкент қаласы әкімдігі аталған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығару бойынша басқа іс-әрекеттер жасамаған. Бұған қарамастан, әкімдіктің қабылдаған қаулысы негізінде талап қоюшыға тиесілі жер учаскесі алынып, қазіргі таңда көпшілік пайдаланатын автомобиль жолы түскен. Алайда талап қоюшыға одан алынған жер учаскесінің құны өтелмеген.

"Сот құрылыс-тауартану қортындысына сәйкес, талап қоюшыға тиесілі жер учаскесінің нарықтық құны 83 миллион теңгеден асатыны көрсетілген. Соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылды. "Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі талап қоюшыға тиесілі мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесіне 83 419 500 теңге өтемақы құнын төлеу міндеттелген", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар соттың жеке ұйғарымымен жоғарыда анықталған заңдылықтың бұзылған жағдайлары бойынша Шымкент қаласы әкімінің назарына жеткізілген.

Себебі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға жататын жер учаскесін алу және өтемақы төлеу құзыретті мемлекеттік органымен жүргізілуі қажет. Алайда талап қоюшыдан 2020 жылы, яғни 5 жыл бұрын алынған жер учаскесіне қатысты мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару процедурасы осы күнге дейін жүргізілмеген. Осылайша талап қоюшының жер учаскесіне қатысты меншік құқықтары бұзылған және талап қоюды қанағаттандыру арқылы қалпына келтірілген. Шешім және жеке ұйғарым заңды күшіне енді.



Еске салайық, бұған дейін Оралда зейнеткер ақауы бар мотоцикл үшін ақшасын сот арқылы өндіріп алғанын жазған едік. Батыс Қазақстан облысында зейнеткер ақауы бар электржетекті үш дөңгелекті жүк мотоциклін сатып алғаннан кейін жеке кәсіпкерді сотқа беріп, ақшасын қайтарып алды. Соттың мәліметінше, өңір тұрғыны мотоциклді 750 мың теңгеге қолма-қол сатып алған. Алайда көп ұзамай техникалық ақаулар анықталған. Жолда келе жатқанда аккумулятордың қуатталмай тұрғанын білдіретін белгі жанған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 15:51