Шымкент әкімдігіндегі ауыс-түйіс: Қала әкімінің жаңа орынбасарлары тағайындалды
Фото: gov.kz
Шымкент әкімінің екі бірдей орынбасары тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шымкент әкімдігінің мәліметінше, президент әкімшілігінің келісімімен және қала әкімі бұйрығымен Шымкент әкімінің бірінші орынбасары қызметіне Айдын Кәрімов тағайындалды. Әкімнің тағы бір орынбасары ретінде Арман Сәбитов тағайындалды.
Айдын Кәрімов 1988 жылғы 1 қаңтарда Семей қаласында туған, қазақ, білімі жоғары. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономикалық академиясын және КАЗГЮУ университетін бітірген.
Айдын Кәрімов еңбек жолын 2006 жылы төтенше жағдайлар министрлігінде бастаған. Түрлі жылдары ол "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-да, Астана және Семей әкімдіктерінде, сондай-ақ экономика мен сауда министрліктерінде қызмет атқарған.
2016–2017 жылдары Кәрімов премьер-министрдің хатшылығына басшылық еткен, 2019–2022 жылдары премьер-министр аппаратының басшысының орынбасары, 2022–2023 жылдары – Абай облысының бірінші әкім орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап – Шымкент әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.
Арман Сәбитов 1984 жылы 20 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында дүниеге келген, қазақ, жоғары білімі бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Арман Сәбитов 2019–2020 жылдары – президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2020–2023 жылдары – Түркістан облысының әкім орынбасары. 2023 жылдың маусымынан 2025 жылдығ тамызына дейін – Түркістан облысы, Сайрам ауданының әкімі қызметін атқарды.
Бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Қуаныш Асылов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылған еді.
Айта кетейік, бұған дейін желіде Руслан Берденовтің қызметтен кететіні туралы ақпарат тарады. Дегенмен бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
