Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент әкімдігі бас сәулетшінің қамауға алынғанын растады

Фото_ РСК Жамбылской области Арман АбдешовФото: Жамбыл облысы ОКҚ

Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің қамауға алынуы оның қазіргі қызметіне емес, бұрынғы лауазымдарында атқарған жұмысына байланысты екені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

20 тамызда өткен брифингте Шымкент әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің құзырлы органдар тарапынан ұсталғаны жөніндегі ақпаратты растады. 

Әкімнің орынбасары Сарсен Құранбектің айтуынша, бұл жағдай Әбдешовтің Шымкенттегі қазіргі қызметіне қатысты емес, бұрынғы кәсіби қызметіне байланысты.

"Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың бар екенін растаймыз. Аталған жағдай оның Шымкенттегі мемлекеттік қызметіне байланысты емес екенін атап өткіміз келеді. Бұл мәселе оның бұған дейін атқарған қызметімен байланысты. Құзырлы органдар оның өткен кезеңдегі қызметіне назар аударып, соған қатысты сұрақтар туындап отыр", - деді Сарсен Құранбек.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Арман Әбдешов биыл ақпанда Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып тағайындалған еді. Бұған дейін ол Жамбыл облысында және Тараз қаласында осыған ұқсас басқармаларды басқарған.


Руслан Берденов Шымкентте ұсталған сәулет басқармасы басшысының "өз адамы" екенін жоққа шығарды


Руслан Берденовке шабуыл жасаған Ернар Жиембай 9 жылға сотталды


 

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте сәулет басқармасының басшысы жұмыс орнында ұсталғанын жазған едік. Оқиға 13 тамыз күні Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратында болған. Шенеунікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері ұстап әкеткен. Енді оған Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша қылмыс жасады деген күдік келіп жатыр. Тергеу мәліметінше, Әбдешов тікелей жұмыс орнында ұсталып, сол күні-ақ уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 20 Тамыз, 2025 17:11
Талқылау