Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда сарбаз қарауыл кезінде өзін атып жіберген

Фото: Pexels.com

Өскемен қаласында мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметінің мәліметіне сенсек, сарбаз оқиға орнында көз жұмған.

"3 қаңтар күні Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметкер өзіне бекітілген қарудан өзін-өзі атып жіберген. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды", – делінген хабарламада.

Марқұм сарбаз өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.

Аталған дерек бойынша Ішкі істер министрлігі Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.

Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиға орнына вице-министр Асқар Мұстабековтің жетекшілігімен арнайы комиссия жіберілді.

Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштері қаза болған сарбаздың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті көмек көрсетіледі.



Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы оқу полигонында өткен жаттығу кезінде әскери қызметкер өз аяғына оқ атты. Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаз қауіпсіздік талаптарын бұзған. Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 қаңтар күні сағат 15:05 шамасында Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің жеке құрамымен жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес оқу атысы өткізілген.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 25 Қаңтар, 2026 15:48