Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда 13 жастағы қызды зорлады деп айыпталған ер адам 2 жылға сотталды

Шығыс Қазақстанда 13 жастағы қызды зорлаған ер адам 2 жылға сотталдыФото: Ru.freepik.com

Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданындағы ауылдың бірінде 30 жастағы ер адам 13 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түсіп, 2 жылға сотталды. Қыздың жақындары сот үкімімен келіспейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қыздың анасының айтуынша, сотталушы қызды көлікпен көрші ауылға апарған. Жолда көлікті тоқтатып, қызбен жыныстық қатынасқа түскен.

“Дүкеннен қызға шырын, круассан сатып алып берген. Қызым өзін үйге апарып тастауды сұрағанда, “біраз отыр” деген. Екі ауылдың арасында, далада тоқтап, қыздың қолынан телефонын тартып алып, өшірген. Содан кейін оны зорлаған. Алғашында қыз бізге ештеңе айтпады, одан қорыққан. Мен бәрін білгеннен кейін учаскелік полицияға, содан соң бірге гинекологқа тексерілуге бардық, бәрі расталды”, – дейді қыздың анасы Индира Мамырова.

Жақындары да қылмыскердің 2 жылға сотталғанына наразы. Тым аз дейді олар.

Бастапқыда іс Қылмыстық кодекстің 120-бабы (Жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасау) бойынша қарастырылған. Бұл бап бойынша сотталушыны өмір бойы бас бостандығынан айыруды көздейді. Алайда сот ер адамның әрекетінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ деп тапты. Ер адамның әрекеті 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу ретінде қайта сараланды.

Жеңілдететін жағдайлар ретінде ол өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінді. Қылмыс орташа ауыр санатқа жатқаны ескеріліп, Қылмыстық кодекстің 11-бабы бойынша барлық жағдайларды есепке ала отырып, сот бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Осы бап бойынша бас бостандығынан айыру ең қатаң жаза болып саналады.

Балалардың құқықтары бойынша өкілі бұл мәселені жеке бақылауына алды. Оның айтуынша, осындай жағдай заңнаманың кемшіліктерінен туындаған.

“Меніңше, заңнамадағы мәселе – 16 жастағы жасөспірімнің 15 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түсуі әрекетінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Бұл бір жағдай. Енді бір мәселе – 30 жастағы ер адамның 13 жасар қызбен жыныстық қатынасқа түсуі. Бұл жағдайлардың бір-біріне мүлде ұқсамайтынын түсінеміз, бірақ санкциялар бірдей және қылмыс бірдей”, – дейді Шығыс Қазақстан облысындағы балалар құқықтары бойынша уәкіл Аксана Каленова.

Балалар омбудсменінің пікірінше, қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізіліп, мұндай әрекеттер үшін қатаң жаза белгіленуі керек. Қазір іс апелляциялық сотта қаралып жатыр. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айым Болатқызы
Жұма, 27 Ақпан, 2026 09:48