Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысының 4 ауданы бұрынғы уақыт белдеуіне көшті

5 наурыздан бастап Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Күршім, Тарбағатай аудандары мен Самара ауданының тұрғындары жұмыс күнін бір сағат ерте бастайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаевтың айтуынша, жұмыс уақытын бір сағат бұрын ауыстыру идеясын барлық 28 ауылдық елді мекеннің тұрғыны яғни 18,4 мың адам қолдаған.

Зайсан ауданында 33 елді мекен бар, онда 35 мыңнан астам адам тұрады. Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызының айтуынша, уақытты өзгерту туралы ұсынысты халық қуана қолдаған.

"Бұл шешімді қабылдамас бұрын әр ауылдық округте жиын өткіздік, тұрғындар бұл идеяны қолдады. Өйткені Зайсан ауданы Шығыс Қазақстан облысының шығыс шекарасына ең жақын орналасқандықтан, бұл жерде күн ертерек шығады. Сондықтан жұмыс күні сағат 08:00-де басталып, 17:30-де бітсе, балалармен уақыт өткізуге мүмкіндік болады, – деді Зайсан ауданының Аэлита Ахметсәлімқызы.



Оның айтуынша, бұл бастаманы халықтың бәрі, әсіресе, жұмыс күні дәстүр бойынша сағат 09:00-де басталатын мемлекеттік қызметкерлер қолдаған.

"Аудан тұрғындары таңертең үй шаруасымен айналысатындықтан, ерте тұруға дағдыланған, енді жұмыстан ертерек қайтатын болады. Бұл біз үшін өте қолайлы", – деді Зайсан ауданының тұрғыны Ризабек Шәкенұлы.

Зайсандықтардың түскі үзіліс уақыты 12:00-ден 13:30-ға дейін болады. 

Зайсан ауданында тоғыз әкімшілік-аумақтық бірлік, оның ішінде Зайсан қаласы, сегіз ауылдық округ, 33 елді мекен, 35 219 адам тұрады.

Еске салайық, бұған дейін 19 қарашада премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді үкіметтің қолдағанын мәлімдеді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуінің ауысуының қазақстандықтарға әсерін зерттеуден бас тартпайтынын, оған шамамен 100 млн теңге бөлінетінін айтты. Алайда зерттеу нәтижесіне қарамастан, уақыт белдеуін өзгерту туралы шешім өзгермейді деп мәлімдеді. Зерттеу 2025 жылдың қаңтарынан басталып, негізгі бөлігі сол жылы аяқталады.

22 қарашада eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуіне қатысты сауалнама пайда болды, бірақ бірнеше күннен кейін алынып тасталды. Сандық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, 200 мың адамнан жауап алынған соң, сауалнама аяқталған.

Бұған дейін ШҚО-ның бір ауданы бұрынғы уақытқа көшкен еді.

Талқылау