"Қайта-қайта өзгереді": ШҚО-да мұғалімдер аттестациялау нәтижесіне жаппай наразылық білдірді
Видеодан скрин
Шығыс Қазақстан облысында ұстаздар аттестациялау нәтижесіне жаппай наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Мұғалімдердің айтуынша, министрліктің жаңа талабы жүздеген педагогты тығырыққа тіреген. Соның кесірінен бір сәтте санатымыздан айырылып, қаншама жылдан бергі еңбегіміз еш кетті деп ашынады ұстаздар. Қайта-қайта өзгеретін аттестациялау шарттарынан шаршаған мектеп мұғалімдері енді сотқа жүгінбек.
Өңір бойынша биыл аттестациялаудан 200-ге жуық мұғалім сүрініп, педагог-зерттеуші санатынан айырылған. Оған “авторлық бағдарламаны” бағалау жүйесіне қосу туралы аяқасты енгізген жаңа талап себеп дейді. Бірақ бұл шартты қазір орындау мүмкін емес деп отыр ұстаздар.
“Авторлық бағдарламаны үш айдың ішінде жазу, бұйрыққа сүйенетін болсақ, ол үш кезеңнен тұрады негізі. Ол апробациядан өтуі керек. Оқу жоспарына енгізілуі керек. Ол қай кезде енгізіледі. Ол жылдың басында, яғни қыркүйек айында енгізіледі. Ал ол өтіп кеткен уақыт. Сондықтан бұл мүлдем миға қонымсыз”, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Назым Қалиақпарова.
Енді санаты төмендеген ұстаздардың жалақысы азайып қана қоймай, соңғы үш айда алған үстемеақыларын мемлекетке қайтаруы тиіс. Онсыз да талай жылғы төккен теріміз бір сәтте еш кетті деген педагогтар бұл бізге ауыр соққы болды деп қынжылады. Сондықтан олар аттестациялау шарттарын жиі өзгертуге қарсылық білдірді.
Ата-аналар мұғалімге түнгі үште жазып мазалайды, мұны тоқтату керек – Асхат Аймағамбетов
Айыппұлдар өсіп, есептер қысқарады: Мұғалімдерді қандай өзгерістер күтіп тұр
“Шарттардың қайта-қайта өзгергені барлық мұғалімді алаңдатады. Мысалы, ұстаздың біліктілігі 5 жыл сайын сыналады. Ал аттестациялау талаптары жылда жаңарады. Сонда мұғалім қалай жұмыс істеуі керек? Ұстаздардың жұмысына дәл осылай немқұрайлы қарауға бола ма?”, – дейді орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Уазипа Боранбаева.
Ал облыстық білім басқармасының өкілдері сынақтан сүрінген ұстаздардың біліктілігі қалай бағаланғанын өздеріне көрсете аламыз дейді.
“Өткен жылы “авторлық бағдарлама” дайындау туралы талап болды. Бірақ бұл негізгі бағалау жүйесіне кірмейтін. Ал биыл ақпанда оқу-ағарту министрлігі 83-бұйрыққа өзгеріс енгізіп, процедураны баллға қосты. Егер мұғалім бір шарттың өзін орындамаса, сынақтан өтпейді. Бұйрықты министрлік өзгертті. Сондықтан қалған сұрақпен де министрлік айналысады”, – деді ШҚО білім басқармасының бөлім басшысы Әсел Бұлжанова.
Басшылардың жауабына қанағаттанбаған мұғалімдер енді сотқа арыздануды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда жекеменшік мектеп мұғалімдері 2 айдан бері жалақы ала алмай, жаппай жұмыстан кетуге мәжбүр болғандарын мәлімдеген еді.
Ата-анамызды асырауға біз міндеттіміз бе?: Бұл сұрақ қазақстандықтардың пікірін екіге бөлді