Шығыс Қазақстан облысында басқарма басшысы үйінде 170 миллион теңгені сақтаған

Фото: ҰҚҚ видеосынан скрин
Шығыс Қазақстан облысында ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық фактілері әшкереленді. Өңірдегі екі бірдей мемлекеттік органның басшылары пара алды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.
"Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы пара алды және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол жол құрылыс компаниялары мен автобус парктерінің өкілдерінен жалпы сомасы 134 миллион теңге көлемінде заңсыз сыйақы алған", – делінген хабарламада.
Тінту жүргізу барысында күдіктінің тұрғын үйінен 121,9 миллион теңге қолма-қол ақша және 97,7 мың доллар (49,1 миллион теңге) тәркіленді.
Сондай-ақ осы өңірдегі білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Ол мұғалімдердің мемлекеттік аттестаттаудан өтуіне жәрдемдескені үшін жүйелі түрде ақша алған деген күдікке ілінді.
Сот санкциясымен аталған тұлғалар қамауға алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Еске салайық, бұған дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы Іле ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Қуат Ақшабаевқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растаған еді. Тараған ақпаратқа сенсек, шенеунікке 28 миллион теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған. Кейін экс-шенеунік алған параның сомасы шамамен 323 миллион теңге болуы мүмкін деген ақпарат пайда болды.
Өмірі ауруханаға бармаған 100 жастағы ата ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты