Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады

Фото: Жақсылық Омардық желідегі парақшасынан

Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Бұған байланысты Stan.kz әкімдікке сауал жолдап, мән-жайды анықтады. 

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бұл ақпаратты растамады.

"Әкімдікте аталған лауазымды тұлғаға қатысты қандай да бір мәлімет жоқ. Желіде тарап жатқан ақпарат ресми дереккөздермен расталмаған. Қолдағы мәліметке сәйкес, ол денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысын алған", – деп жауап берді әкімдік. 

Айта кетейік, 11 ақпан күні оның Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланым шыққан. Онда әлеуметтік сала бойынша өткен жылдың қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған жоспарлар талқыланған жұмыс кеңесі өткені хабарланған.

Жалпы, шенеунік әлеуметтік желілерді белсенді жүргізіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы тұрақты түрде ақпарат беріп отырады.  Жақсылық Омар 1980 жылғы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданының Үшарал ауылында дүниеге келген.

Ол 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің "география" мамандығын аяқтаған. 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін "жергілікті және мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2001 жылы мәдениет және ақпарат министрлігінде бастаған. Кейін Қаржы министрлігінде, "Қазақстан" телерадиокорпорациясында және "Арна медиа" холдингінде қызмет атқарған. Әр жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі, ішкі саясат және мәдениет басқармаларының басшысы, облыс әкімінің орынбасары болған. 2016-2018 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Ол туралы бірінші шу емес!

Бұған дейін ол қала әкімі қызметін 2018 жылдың тамызынан 2024 жылдың қарашасына дейін атқарған. Қызметінен кеткен соң облыс әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеген.

2024 жылғы 20 қарашада Өскемен тұрғындары әлеуметтік желіде қаланы қалың тұман басқанын көрсететін видео жариялаған. Кейін облыстық экология департаменті ауадағы хлор сутек газы мөлшері (түссіз, өткір иісті улы газ. Оны жұту тыныс жолдарын тітіркендіріп, ауыр жағдайда өкпенің қабынуына және өмірге қауіп төндіруі мүмкін) қауіпсіз деңгейден тоғыз есе жоғары болғанын анықтады. Осыдан кейін бір апта өткен соң Жақсылық Омар қызметінен кетті. Облыс әкімдігі оның отставкасы ауа ластануымен байланысты емес, өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты болғанын мәлімдеді.

2025 жылдың наурызында Өскемен соты қала тұрғынының талап-арызы бойынша істі қарап, 2024 жылдың қарашасында хлор сутек газының айтарлықтай жоғарылағаны туралы халыққа ескерту жасалмағанын заңсыз әрекетсіздік деп таныды.

Айым Атамбаева
Жұма, 13 Ақпан, 2026 17:54