Шығын 32 миллиард теңге: Қазақстанда соңғы үш жылда контрафактілік темекі айналымы үш есе артқан
Қазақстанда темекі өнімдерінің контрафактісі қарқынды өсіп келеді. Тәуелсіз NielsenIQ зерттеу агенттігінің мәліметтеріне сенсек, кейінгі 3 жылда темекінің заңсыз нарығы 3 есе артып, 2024 жылы 10,1% жетіп отыр. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде контрабандалық темекі сатылымынан келген салықтық шығындар 1,9 миллиард долларға жетіпті. Бұл деректер Астанада өткен XII Халықаралық "Антиконтрафакт" форумында айтылды.

Контрабандалық өнімнен шығынға ең көп ұшыраған Ресей екен. Одан кейінгі орында Қазақстан тұр. Форумға жиналған сарапшылар контрафактілердің ел аумағына көптеп жеткізілуі тек экономикалық тұрғыдан емес, халықтың денсаулығына үлкен зиян тигізетінін айтады.
QazSpirits қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Жуков контрабандалық темекі сатылымынан 2023 жылы еліміздің қазынасына 32 миллиард теңге көлемінде салық түсімінен қағылғанын мәлімдеді. Ал заңсыз тауарлар ел аумағына түрлі жолмен жеткізіледі дейді.
Қолданыстағы схемалардың бірі мынадай: алдымен заңсыз жүк Біріккен Араб Әмірліктерінен Иранға паромдар арқылы жеткізіледі. Кейін тауар жүк көліктеріне тиеліп, Иран, Ауғанстан және Тәжікстан арқылы транзитпен өтеді. Соғды облысында жүк тәжік-қырғыз шекарасынан өтіп, Ош пен Бішкек арқылы Қазақстанға жеткізіледі. Қырғызстан астанасынан заңсыз темекілер Қазақстанға "Айша Бибі", "Қордай", "Сыпатай батыр", "Гродеково", "Кеген" сияқты негізгі бес бақылау-өткізу бекеті арқылы енеді және одан әрі Ресейге транзитпен жеткізіліп, бір бөлігі көршілес ел аумағында қалады.
"Қазақстан нарығындағы ең кең таралған контрабандалық темекі брендтері – Oris (54,2%) және Oscar (7,8%). Контрафактіге қарсы күресте ел азаматтарының заңсыз өнім сату фактілері туралы хабарлауы маңызды рөл атқарады. Алайда бұл мәселені шешуде мемлекеттің белсенді қатысуы болмаса, жағдай бақылаудан шығуы мүмкін. Контрабандалық жолмен жеткізілген темекілердің заңсыз айналымына бағытталған тексерулер мен үйлестірілген шаралар қылмыстық схемаларға соққы беріп қана қоймай, салықтық түсімдерді де айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді", – деп атап өтті QazSpirits қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Жуков.

Заңсыз темекі айналымымен күресу үшін алдымен билік, бизнес пен қоғам күш біріктіруі керек дейді. Осындай пікірді форум барысында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарушы директоры, АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Еркен Наурзбеков ортаға салды.
"Контрабандалық өнімнен туындайтын салықтық шығындардың көлемі орасан зор, сондықтан нарықты контрафактілік және контрабандалық өнімдерден қорғау үшін билік, бизнес және қоғамның күш-жігерін біріктіру қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан контрабанда мен контрафактіге қарсы күрес бойынша Оперативтік штаб құрылды. Оның басты міндеті – нарықтағы барлық қатысушылардың күш-жігерін біріктіру. Штабта тауар өндірушілер қауымдастықтары мен мемлекеттен келіп түскен көлеңкелі айналым фактілері бойынша жедел ақпарат жинақталып, мәселені шешу жолдары ұсынылады", – деді Еркен Наурзбеков.

Бүгінгі таңда елімізде барлық темекі өнімдері таңбалауға жатады. "Цифрлық экономиканы дамыту орталығы" ЖШС басқарушы директоры Алмат Исмаилов елде 5 миллиард темекі қорабы таңбаланғанын атап өтті. Таңбалаудан өтпеген, яғни контрабандалық темекі өнімдерін кез келген азамат қолындағы ұялы телефонымен тексере алады екен.
"Қазіргі уақытта Қазақстанда үш тауар санаты – темекі өнімдері, аяқ киім мен дәрі-дәрмек таңбалауға жатады. Ұялы телефонға арналған NAQTY ONIM қосымшасы арқылы азамат темекінің таңбаланған тексереді. Ал арнайы дата матрикс коды болмаса, онда темекі контрабандалық өнім болуы мүмкін. Қосымшадан таңбаланған өнімнің қай жақтан әкелінгенін, құрамы туралы ақпарат алады. Егер азаматтар елге заңсыз әкелінген темекі өнімдерінің сатылымын байқаса, бізге анонимді түрде ақпарат жолдай алады. Осы арқылы контрафактілік өнімдердің айналымына тосқауыл қоюға үлесін қосады", – деді Алмат Исмаилов.
Контрабандалық өнімдердің айналымы трансұлттық сипатқа ие. Сондықтан форум қатысушылары Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік реттеу жөніндегі Консультативтік комитеті жанындағы Сараптамалық-консультациялық кеңес құруды ұсынып отыр.
"Мұндай кеңес барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіріп, үйлестіру деңгейін арттырып қана қоймай, ақпарат пен үздік тәжірибелер алмасудың тиімділігін де жақсартады", – деп бөлісті "Антиконтрафакт" қауымдастығы президентінің кеңесшісі Светлана Викторовна Квасова.

Сонымен қатар Светлана Квасова нарықта салық төлеп, кәсібін адал жүргізіп отырған ойыншылар барын еске салды. Ресей тәжірибесін тілге тиек еткен ол Қазақстанда да темекі өнімдері нарығындағы адал ойыншылардың құқығын қорғау жүйесін енгізу керек дейді.
"Заң шығару бір бөлек, оны жүзеге асыру бөлек. Меніңше, заңды кәсіпорындардың құқығын қорғау және оларға жеңілдік беру мәселесіне келгенде Қазақстан Ресейдің тәжірибесін қолдана алады. Мәселен, нарықта заңды жұмыс істейтін кәсіпорындар тауарды таңбалауға міндетті. Алайда таңбалау жүйесіне қосылмай тұрып оларға белгілі бір уақыт беру қажет. Мұны Ресейде "тәжірибелік кезең" дейді. Кәсіпорындар осы аралықта таңбалау жүйесіне қосылса, белгілі жеңілдіктер жасайды. Осылайша контрабандамен шұғылданатындардың саны азаяды", – деп қосты Светлана Квасова.
Форум аясында сарапшылар шекаралық бақылауды күшейтуді ұсынды. Олардың айтуынша, контрабандалық өнімдермен күрес кешенді жұмысты қажет етеді. Бұл Қырғызстан шекарасында жүктерді тексеру бойынша бақылауды қатаңдатуды, базарлардағы көтерме саудагерлермен профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, Тәжікстаннан Қырғызстанға және Қазақстанның шекара маңындағы аудандарына тасымалдауды қатаң тоқтатуды қамтиды.
Сондай-ақ контрабандаға қатысты заңнаманы күшейту керек дейді. Себебі қолданыстағы заңға сәйкес үй маңындағы дүкенде контрабандалық тауарды сатқандар қатаң жазаға тартылмай, тек айыппұлмен құтылып кетеді екен. Ал Ресейде 2024 жылдың сәуірінен бастап темекі өнімдерін заңсыз алып келгендерге 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізіліпті.
"Браконьерлерге қатысты заң шыққан кезде азаматтың үйінен қорғауға алынған құстың қауырсыны табылса, ол бірден қатаң жазаға тартылатын еді. Кей кезде мемлекет қатаң шаралар қабылдайды. Ал біздің жағдайда жаза мүлде жеңіл. Үй маңындағы дүкен сатушысы бірнеше қорап контрафактілік темекі алды делік. Мұны жасырын сата береді, ешкім білмеуі мүмкін. Сондықтан контрабанданы саудалағандарға қатысты заңды күшейту өте маңызды", – деп ойын түйіндеді Дмитрий Жуков.
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген