Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығын 1,2 миллиард теңге: Елімізде әлеуметтік төлемдер арқылы алаяқтық жасаған шенеуніктер мен есепшілер ұсталды

әлеуметтік төлем жымқырғандар ұсталдыФото: gov.kz

2024-2025 жылдары Қазақстанда 1,2 миллиард теңгенің әлеуметтік төлемдерін ұрлау фактілері анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2024–2025 жылдары мемлекетке жүктілік пен босану бойынша жәрдемақылар және атаулы әлеуметтік көмек түріндегі әлеуметтік төлемдерді заңсыз тағайындау фактілері бойынша жалпы сомасы 1,2 миллиард теңге залал келтірілген. Осылайша 13 сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізіліпті. 

Жүктілік пен босану бойынша заңсыз төлемдерге қатысты 10 қылмыстық іс қозғалып, 15 ұйымдастырушы жауапкершілікке тартылды.

Агенттік дерегінше, жалған жұмыспен қамту арқылы 385 әйел өтірік деректер негізінде жәрдемақы алған. Бұл мемлекетке 1 миллиард теңге көлемінде залал келтірген. Мәселен, Ақтөбе облысында Өмірбекова мен Баймұрзаева 70 әйелді 29 жеке кәсіпкерлікке жалған жұмысқа орналастырып, 487 миллион теңгені жымқырғаны үшін 6 жылға сотталды.

Шымкентте Дүйсенова дәл осылай 98 миллион теңге шығын келтіргені үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Агенттік мәліметінше, қылмыс жасау тетігі барлық анықталған жағдайда бірдей сипатта болған. Күдіктілер арнайы құрылған жеке кәсіпкерліктерге жүкті әйелдерді жалған жұмысқа қабылдап, "артқы күнмен" ең жоғары әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын рәсімдеген. Осылайша, артық мөлшерде жәрдемақы алуға негіз жасаған.

Атаулы әлеуметтік көмек қаржысын жымқыру фактілері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің 15 қызметкеріне қатысты үш сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ведомствоның хабарлауынша, бұл схемада бас бухгалтер атаулы әлеуметтік көмекті алушылар тізіміне шын мәнінде уәкілетті топқа кірмейтін сенімді адамдарды қосқан. Сол деректер негізінде төлем тапсырмалары дайындалып, басшылық қол қойған. Кейін ақша жалған тұлғалардың есепшоттарына аударылып, қолма-қол алынып, қатысушылар арасында бөлінген.

Сонымен қатар агенттік 2023 жылдан бастап құжаттарды eGov порталы арқылы цифрландырудың арқасында мұндай алаяқтық әрекеттерге жол берілмейтінін айтті

"Анықталған заңбұзушылықтарды, қылмыстардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою мақсатында Агенттік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізілді: енді жәрдемақы тағайындау кезінде "артқы күнмен" төленген зейнетақы жарналары есепке алынбайды", – деді агенттік.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 06 Қыркүйек, 2025 13:17
Талқылау