Тоғыз адамның өмірін қиған жарылыс: "Центр плова" дәмханасының иесі ұсталды

Ақмола облысында бірнеше адамның өмірін қиған жарылыс болған Щучинскідегі кафе иесі ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, Щучинскідегі “Центр плова” кафесінде болған өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігімен, яғни “өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
“Қылмыстық істі арнайы прокурорлар тергеп жатыр. 2026 жылғы 2 наурызда ҚПК-нің 128-бабына сәйкес “Центр плова” кафесінің иесі ұсталды. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді ведомство.
Кәсіпкер өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бабы бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында. Ал ҚПК-нің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланып отыр.
Ал бүгін, 3 наурызда дәмханада болған жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді