Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешқандай адам өте алмайды": Шетелдіктер қазақ тілінен тапсыратын тесттің қиындығына шағымданды

Коллаж: Stan.kzКоллаж: Stan.kz

13 ақпаннан бастап Қазақстанда тұрақты тұрғысы келетін шетелдіктер қазақ тілінен тест тапсырып, тілді А1 деңгейінде білуі керек. Осы өзгерістен соң елге тұрақты тұруға келген шетелдіктер желіде қазақ тілінен тест тапсырып, құлағанын айтты. Олар бұл тестті шетелдіктер түгілі, қазақтардың өздері тапсыра алмайды деп шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Ешбір шетелдік бұл тесттен өтпейді, мен бұған жүз пайыз сенімдімін"

Тұрақты тұруға ықтиярхат алғысы келген шетелдік қазақ тілінен тест тапсырып, өте алмаған. Оның айтуынша, тест сұрақтарында аудиотапсырма 1 минуттан асқан және Қазақстан тарихына да қатысты мәліметтер болған. Елге енді ғана келіп, бейімделіп жатқан адамға тілді жоғары деңгейде білу керек деп талап қойып, қинап жатырсыз дейді ол.

"Біз тестті қалай тапсырдық, қалай ойлайсыңдар? Біз тесттен құладық. Мынаны нақты айта аламын: Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат (ВНЖ) алу үшін келген бірде-бір шетелдік бұл тесттен өте алмайды. Себебі бұл қазақ тілінің бастапқы деңгейі емес. Бұл – жоғары деңгей. Адам университет бітіргендей, мектепті толық оқығандай, қазақ тіліндегі көп базалық сөздерді білуі керек сияқты. Аудиотапсырмалар бір минуттан болды және Қазақстан тарихымен, Кеңес Одағымен байланысты. Оны қалай аударып, тарихи сұрақтарға дұрыс жауап беруге болады? Қазақстан тарихын оқымаған адам үшін бұл өте қиын. Шынымды айтсам, Оқу-ағарту министрлігіне таңғалып отырмын", – деп пікір білдірді шетелдік.

Шетелдік бұл тесттен ешқандай адам өте алмайды деп топшылады. Сөзінше, тіпті жергілікті қазақтардың өзі тест сұрақтарына жауап беруден қиналады.

"Адам елге жаңа ғана келді, енді ғана бейімделіп жатыр. Ал сіздер осындай тест енгізіп отырсыздар. Бұл азаматтық алуға арналған тест сияқты. Тіпті, меніңше, оны кез келген жергілікті қазақтың өзі тапсыра алмайтын шығар. Бұл сұмдық. Бүгін осы жағдайға қатты көңілім түсіп отыр. Мұны қайта тапсыру да мүмкін емес сияқты. Қайта тапсырсаң да, бәрібір өте алмайсың. Ешбір шетелдік бұл тесттен өтпейді, мен бұған жүз пайыз сенімдімін", – дейді әйел.

Ол Оқу-ағарту министрлігіне ренішін білдірді. Айтуынша. Тесттен өте алмаған күйеуі енді өз еліне қайтады және ерлі-зайыпты қайтадан бөлек тұрады.

"Соңында не болады? Менің сүйікті күйеуім өз еліне қайтуға мәжбүр болады. Біз қайтадан бөлек қаламыз. Рақмет саған, қымбатты мемлекет, осында келіп, еңбек еткісі келетін, өмір сүріп, қуанып өмір сүргісі келетін шетелдіктерге осылай қарағаның үшін. Жарайсыңдар, жеңдіңдер", – деп түйіндеді ол сөзін.

Қазақ тіліне қатысты тестте қандай сұрақтар келеді?

Қазақстанға тұрақты тұруға келген иммигранттар қазақ тілін білу деңгейі бойынша тестілеуден өтеді. Тест онлайн форматта ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы өткізіледі және 1 сағат 10 минутқа созылады. Жаңа ережеге сай, иммигранттар қазақ тілін кемінде A1 деңгейінде білуге тиіс. Егер адам қажет балды жинай алмаса, ол 30 күн ішінде тағы екі рет қайта тапсыра алады.

Тест 60 сұрақтан тұрады: 

Тыңдалым – 20 тапсырма (20 минут);

Оқылым – 40 тапсырма (50 минут).

Оқылым бөлімінде тұрмыстық тақырыптар, жаңалықтар туралы мәтіндерді оқып, мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беру керек. Ал тыңдалым бөлімінде де тапсырмалар оқылымдағыға ұқсас. Мысалы, карта сатып алып жатқан оқушылар туралы диалогтарды тыңдап, "Олар нені іздеп жүр?" деген сұраққа дұрыс жауап беру керек.

Осы жерде ВНЖ-ны тапсыратындар үшін тестте қандай сұрақтар болатыны туралы толық жазғанбыз. 

Дегенмен кейбір орыстілді шетелдіктер тестті ойдағыдай тапсырып шыққандарын жазды.

"Тест сәтті тапсырылды, шамамен А2 немесе В1 деңгейінде. Тест мазмұны сынақ тестіне өте ұқсас, бірақ менің байқауымша, сәл жеңілірек болды. Қорытындылап айтсам, екінші 360° камера міндетті, онсыз болмайды, ең кішкентай дыбыс та (тіпті тыныс алу) ереже бұзушылық ретінде есептеледі, бірақ бұл рұқсат етілетін сияқты, уақыт жеткілікті, жүйе тұрақты жұмыс істейді. 2 күннен кейін маған қазақ тілін меңгергені туралы аттестациядан сәтті өткенім жөнінде сертификат берілді. Уәде еткендей, құжат 3 күнде дайындалды", – деп жаңалығын бөлісті Вадим Ермола.

"Біздің ел кез келген адам өтіп кете беретін жер емес"

Желі қолданушылары да шетелдіктердің мұндай шағымына пікір білдірді. Олар мемлекеттің жаңа ережені қабылдағаны дұрыс болды дейді. Сөздерінше, Ресейде тіпті дәретхана тазалаушы да орыс тілін білуі керек.

"Оқу-ағарту министрлігі, жарайсыңдар! Қазақ тілінен тесттерді жеңілдетпей, күрделі етіп қалдырғаны дұрыс. Біздің ел кез келген адам келіп-кететін, әр шетелдік тұруға рұқсатты оңай ала салатындай "өтіп кете беретін аула" емес. Ал егер шынымен алғысы келсе, онда еліміздің тілін де, тарихын да үйренсін. Мына әйелдің мысқылы мүлдем орынсыз. Бізге сапасы төмен жұмыс күші қажет емес. Мысалы, Ресейдің өзінде тіпті дәретхана тазалау үшін де орыс тілін білу керек", – дейді қазақстандық.

Тағы бір қазақстандық мемлекеттік тілді "Мына қазақ тілі" деп сипаттаған шетелдіктерге наразылық білдірді.

"Мына әйел тағы шықты. Күйеуі араб, сол Қазақстанда тұруға рұқсат алу үшін қазақ тілінен тест тапсыра алмай қалған. Соған наразылық білдіріп жүр. Ол "мына қазақ тілі" деген сияқты сөздерді қолдана берсе, күйеуінің де тіл үйренгенде қиындықтары бола береді. Өйткені өмір сүріп, жұмыс істегің келетін елдің тіліне құрметпен қарау керек", – деп пікір білдірді ол.

"Әңгіме ресейліктер туралы болса, онда олар тұрақты тұруды жоспарлап отырған жоқ"

Айта кетейік, Шетелдіктер үшін құқықтық режимнің талаптарын құқыққорғаушы Евгений Жовтис те қолдаған еді. Оның сөзінше, әңгіме Ресейліктер туралы болса, онда олар тұрақты тұрмайды, соғыс біткенде еліне қайтады.

"Егер ресейліктер туралы айтсақ, олардың көбі Қазақстанда тұрақты тұруды жоспарлап отырған жоқ. Олар қанша уақыт жүретінін нақты білмейді, бірақ соғыс аяқталғанға немесе оларды басқа елге көшуге мәжбүр еткен жағдайға дейін осында тұрып жатыр. Егер соғыс аяқталса, меніңше, олардың басым бөлігі Ресейге, яғни бұрын тұрған жерлеріне қайтады", – дейді Евгений Жовтис.

Оның сөзінше, елге тұрақты өмір сүру үшін келетін адамға ең төменгі талаптар көп елдерде қабылданған. Бұл әңгіме жай ғана уақытша келіп, жұмыс істеп немесе бизнес жасап кету туралы емес дейді ол.

"Дәл осы тұрақты тұру мәселесіне келгенде, иә, ол басқа елдің азаматы, бірақ ол осы елге тұрақты өмір сүру үшін келеді. Тарихқа, тілге қатысты ең төменгі талаптар көп елдерде қабылданған, мысалы Еуропаның көп елінде. Яғни белгілі бір деңгейде тіл мен тарихты білу интеграция мақсатында талап етіледі. Адам бұл елге уақытша жұмыс істеу, оқу, емделу үшін келуі мүмкін және уақытша тұру рұқсатын осы талаптарсыз-ақ ұзартуға болады. Ал егер адам басқа мемлекеттің азаматы бола тұра осы елде тұрақты өмір сүруді таңдаса, онда осындай ең төменгі талаптар қойылады", – деп түсіндірді құқыққорғаушы.

Оның сөзінше, жаңа талаптар мағыналық тұрғыда ақылға қонымды.

Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 01 Сәуір, 2026 18:29