Шетелде қорлық көргенін айтып, көмек сұраған Олимпиада жүлдегерінің мәлімдемесінен кейін қылмыстық іс қозғалды

Бокстан олимпиаданың қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиевтің өтініші бойынша Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін, Еркебұлан Шыналиев шетелде өз отандастары өзіне қастандық жасағанын айтып, құзырлы органдардан көмек сұраған еді.
Оның айтуынша, 2025 жылдың мамырында Иманалиев Нұрлан мен Мұқашев Шыңғыс оны бапкерлік қызметке Ыстамбұлға шақырған. Елге оралған соң Шыңғыс бірнеше рет хабарласып, адамдарды ұрып-соғып, қол-аяғын сындыруды ұсынып, ақша беретінін айтқан. Алайда ол бас тартқан. 2026 жылдың қаңтарында тағы шақырып, бапкерлік мансап басталады деп уәде берген. Алайда уәдеде тұрмаған. Ыстамбұлға барған Шыналиевті олар қала маңындағы тастанды ғимаратқа апарып, өздерін ҰҚК қызметкері ретінде мойындатуға мәжбүрлеген. Сосын қарумен қорқытып, жалған ақпарат айтуға итермелеген.
Ал Мәжіліс отырысында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
“Бір-екі күн бұрын ғана Қылмыстық кодекстің 125-бабы (адам ұрлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір іс тергелу сатысында”, – деді ол.
Қойгелдиевтің айтуынша, күдіктілерді Қазақстанға әкелу бойынша Түркия тарапына өтінім жолданған.
Айта кетейік, бұған дейін Бокстан Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев шетелде өз отандастары өзіне қастандық жасағанын айтып, құзырлы органдардан көмек сұрағаны туралы жазған едік.
"233 миллиард теңгенің ұмытылмаған сабағы": Шығыны көп, пайдасы аз Азия ойындары бізге не үшін керек?