Шерзаттың қазасына қатысты сотталғандардың бірі бостандыққа шықты
Фото: Видеодан скрин
Шерзат Полаттың қазасы бойынша сотталғандардың бірі, жасөспірім Думан Ысқақ бостандыққа шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған ақпаратты марқұм Шерзаттың отбасының адвокаты Мейірман Шекеев хабарлады.
“Думан Ысқақ бірінші сатыдағы сот үкімімен тағайындалған жазаны өтеп қойды. Сол себепті Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 23 шілдеде бұлтартпау шарасын жойып, оны қамаудан босатты”, – деді адвокат.
Сондай-ақ апелляциялық сот отырысы 18 тамызда Алматы сотының ғимаратында қаралатын болыпты.
Еске салсақ, 5 маусымда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарды.
Сот қаулысымен басты күдікті Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша айып тағылды.
2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
