Шерзаттың анасы сотқа тағы да куәлік беруге шақыртылды
Тікелей эфирден скриншот
16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында марқұмның анасы Гүлмира Бишембиеваның куәлік беруге қайта шақырылатыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сотталушы Дидар Қалиахметтің адвокаты Баймұханова Бишембиеваны тағы да куәлік беруге шақыру қажет екенін айтты. Оның айтуынша, әйелдің сотта және Қалиахметпен беттестіру кезінде берген айғақтарында айтарлықтай өзгешеліктер бар.
"Бишембиеваның беттестіру кезіндегі және соттағы жауаптары сәйкес келмейді. Осыған байланысты мән-жайды анықтау үшін оны қайтадан сотқа шақыруды сұраймын", – деді адвокат Баймұханова.
Бұл ұсынысты басқа адвокаттар, сондай-ақ айыпталушылардың өздері де қолдады. Мемлекеттік айыптау өкілдері де қарсылық білдірмеді. Зардап шеккен тараптың адвокаты келесі сот отырысына Гүлмира Бишембиеваның қатысуын қамтамасыз етуге тырысатынын айтты. Судья бұл мәселені ұйымдастыру міндетін айыптаушы тарапқа жүктеді.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ.

"Пәтерімді сатып, шетелге оқуға түстім": Қазақстандық қыз "Реал Мадрид" футбол клубына жұмысқа орналасты
