Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шерзат Полаттың отбасының 5 банктегі несиелері кешірілген

Талғарда қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың отбасының бірнеше банктегі несиелері кешірілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Әлеуметтік желіден

Құқық қорғаушы Айтбек Амангелдінің айтуынша, Шерзаттың отбасы қайғылы оқиғадан кейін халықтан қаражат жинау мәселесі бойынша кеңес сұраған.

"Бізде тек бір ғана сұрақ болды: қаражат жинаудың мақсаты қандай? Және ол неге Шерзаттың әкесінің туысы Перизаттың атына жүргізіліп жатыр, өйткені ол бұл іс бойынша жәбірленуші болып саналмайды. Біз дереу мәлімдеме жасап, командамыздың бұл ақша жинау ісіне ешқандай қатысы жоқ екенін хабарладық. Сондай-ақ тек Шерзаттың әкесі мен анасын және олардың балаларын ғана өкілдік ететінімізді нақтыладық", — дейді Айтбек Амангелді.

Оның айтуынша, адвокаттар мен қорғаушылар тобы бұл қаражат жинаудың мақсатын түсіне алмаған, себебі олардың тарапынан барлық қызмет тегін көрсетілген.



"Банктер де отбасына қолдау көрсетуге ниет білдірді. Отбасының бес банктегі несиелерінің барлығына жуығының төлемдері тоқтатылды. Әртүрлі несие түрлері болған. Сонымен қатар, олардың азық-түлік дүкеніне тауар сатып алу үшін ЖК атынан алынған несиелердің бір бөлігі де кешірілді, яғни толық өтелді", — дейді Амангелді.

Оның айтуынша, отбасының Талғардағы үйі өртегеннен кейін де қаржылай қолдауға қатты қажеттіліктері болмаған. 

Құқық қорғаушы Саида Тәуекелова да кейбір демеушілер қайырымдылық ретінде Шерзаттың отбасын қолдағанын атап өтті. 

"Өкінішке қарай, біздің демеушілеріміздің бірі үйге ақша жинау жүргізілетіні жарияланған кезде көмек көрсетуден бас тартты. Сондықтан бірқатар қаржылық мәселелерді біздің команда өз бетінше шешті", — дейді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар ақша жинап Шерзат Полаттың туысы Перизат Нұрымованың отбасына баспана алып бергені туралы жазған едік. 

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ. 

Талқылау