Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шерзат Полаттың ісі: Айыпталушылар алқабилер сотынан бас тартты

Шерзат Полаттың өлімі туралы іс бойынша сот процесінде алдын ала тыңдау басталды. Судья жәбірленуші тараптың адвокаттарының келесі отырыстарды Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық сотында өткізу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғары сот

Бірінші тыңдалым Талдықорған қаласының Жетісу облыстық сотында өтті. Ал жәбірленуші тараптың адвокаттарының келесі сот процестерін қылмыс болған орын Алматы облысында өткізейік деген өтініші қанағаттандырылмады. 

“Алматы облысында тергеу изоляторы жоқ. Сотталушылар тергеу изоляторында отыруға тиіс. Қазір оларды №71 тергеу изоляторында күзетпен ұстап отыр. Сондықтан Қарасай аудандық сотының ғимаратында сот процесін өткізу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан процесс осы Талдықорған қаласының Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ғимаратында өткізілуі туралы қаулы етіп отырмын”, – деді судья  Ержан Жанұзақов. 

Сотталушылар алқабилер сотынан бас тартты. Осыған байланысты қылмыстық істі алқабилерсіз, әдеттегі құрамда қарау туралы шешім қабылданды.

Келесі сот отырыс 17-18 сәуірге 10:00-де Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ғимаратында өткізіледі. Аптасына екі күн бейсенбі жұмада өтеді. 



Еске салсақ, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. 

Бүгін Шерзат Полаттың ісі бойынша 9 сотталушы сот залына әкелінгені айтылды. Прокурор айыптау актісін оқып, айыпталушылардың қылмыс орнында жәбірленушінің сол жақ жүрек тұсынан пышақ сұғып, мылтықпен ұрғанын айтты.

Талқылау