Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотталғандар апелляциялық шағым түсірді

Фото: Видеодан скрин

Шерзат Полаттың қазасы бойынша сотты болғандардың жетеуі апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Зардап шеккен тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сотталғандардың барлығы дерлік аппеляциялық шағым түсіргенін айтты. Құқық қорғаушының айтуынша, бірінші инстанцияның үкімі 21 маусымда күшіне енген. Сол күннен бастап сотталғандардың судьяның шешіміне шағымдануға 15 күн уақыты бар.

"Шыңғыс Белғожаев пен Думан Ысқақтан басқа сотталғандар мен олардың қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді", – деді Шекеев.



Еске салсақ, 5 маусымда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарды.

Сот қаулысымен басты күдікті Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша айып тағылды.

2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 10:44
Талқылау