Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шерзат қазасы бойынша сотта айыпталушылардың адвокаты судьяны істен шеттетуді сұрады – Алайда ол әрі қарай жалғастыратын болды

Фото: Видеодан скрин

Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот отырысында айыпталушылардың адвокаты судья Ержан Жанұзақовқа қарсылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сотта басты күдікті Абзал Шынасылдың адвокаты Әбенов судьяны істен шеттетуді сұрады. Оны қарау үшін сота Алматы облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бейімбетов Асқарбек келді. Ол адвокаттың қарсылығын қарады. 

“Бүгін сараптама материалдарын қараған кезде олқылықтар болды. Сарапшыларды шақырып жауап алуды сұрадық. Ол кісілерге келген материалдың ішінде қорғауымдағы Абзал Шынасылға қатысты тек бір куәнің оқиға орнында түсірген бейнежазбасы берілген. Ал дүкеннің қасында, төбелес болған жерде түсірілген бейнеде ол жіберілмеген. Прокуратураның айыптауына байланысты оны сол жерде болған деп отыр. Алайда көптеген куәгерлердің айтуынша Шынасыл ол жерге келген жоқ. Келгенде ең соңынан келді. Бірақ камерада ол жоқ. Дегенмен прокуратура өз айтқанынан таймай отыр. Ол жерден ақ шүберек көрдік, оның киімін көрдік дейді. Ол жерде сарапшылардан ештеңе сұралмаған. Сотталушылардың біреуі жанындағы адамдардан зат алып жатқан сияқты болды. Сол үшін сарапшы шақыруды сұрадым”, – дейді адвокат Әбенов. 



Адвокат Әбенов тергеуші мен екі сарапшыны шақыруды судьядан сұрағанда бас тартқанын айтты. Сол себепті Жанұзақовты істен шеттетуді сұрады. Адвокаттың қарсылығын жанындағы қорғаушылар да қолдады. Ал мемлекеттік айыпталушылар мен жәбірленуші тараптың адвокаттары өтінішті қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Алайда Алматы облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бейімбетов айыпталушылар мен олардың адвокатының өтінішін қанағаттандырусыз қалдырылды.

"Адвокаттардың уәждері Қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген судьяға шағымдану себептері тізіміне сәйкес келмейді", – деді Асқарбек Бейімбетов.

Айта кетейік, бұған дейін 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев пен күдікті Дидар Қалиахметті беттестірген бейнежазба көрсетілген еді. Беттестіру кезінде күдікті мен жәбірленуші тараптың арасында текетірес болған. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 28 Мамыр, 2025 18:10
Талқылау