Ішкі істер министрлігі Шерзат Болаттың өліміне екі қыздың қатысы жоғын көрсететін видео жариялады
Әлеуметтік желіде марқұм Шерзат Болаттың отбасы жалға алған “Қамажай” дүкенінің алдында болған қайғылы жағдай кезіндегі видео тарады. Оқиға орнында күдіктілерден бөлек тағы екі әйел болған. Ішкі істер министрлігі екі әйелдің оқиғаға еш қатысы жоғын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Әлеуметтік желіден
Марқұм 16 жастағы Шерзат Болаттың отбасы оқиға орнында болған екі әйелді қамауға алуды талап еткен еді. Олар 4 қазан күні “Қамажай” дүкеніне күдіктілермен бірге келген. Жәбірленуші тараптың айтуынша, ол екеуінің қолында да пышақ болған. Сондай-ақ екеуі Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты дүкеннен шығармай, ұстап тұрған.
“Видеодан екі әйелдің біреуі ер адамдарды ажыратып, олардың бірін шетке алып кеткенін көруге болады. Сондай-ақ видеодан көргеніміздей, екі әйелдің тарапынан ешқандай белсенді әрекет болмады”, – деп мәлімдеді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.
Прокуратура Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот ашық өтеді деп уәде берді.
Сондай-ақ төбелеске қатыспағандарға қарсы болған жағдай туралы ақпарат бермегені үшін қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Ішкі істер министрлігі тергеу басқармасы бастығының орынбасары Самат Аисов жанжал кезінде оқиға орнында болған екі қызды күдікті ретінде қамауға алуға еш негіз болмағанын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. 14 қазанда марқұм Шерзат Болаттың өліміне қатысты бұрынғы “Хутор” ауылының тұрғындары пікір білдірген еді. Ал кешке қарай Хасанның өзі экранға шығып, үндеу жасаған. Ол адвокат жалдағанын, өзін “Хутор бандасының” басшысы деп қаралағандармен соттасатынын айтқан.