Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шекарадағы ұзын-сонар кезек": Қазақстан неліктен Қырғызстан шекарасында тексеріс жүріп жатқанын түсіндірді

қырғызстан және қазақстанФото: primeminister.kz

Қазақстан-Қырғызстан шекарасында жүк көліктерінің кезегі ұзарды. Билік бұл жағдайдың себебін жоспарлы тексерістермен түсіндіріп, шаралардың уақытша екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы фуралар кезегіне қатысты пікір білдірді. Қазақстан тарапы шекарадан өту уақытының ұзаруы жоспарлы тексерістерге байланысты екенін мәлімдеді.

Биліктің айтуынша, бұл шаралар уақытша жүргізіліп жатыр және заңсыз тауар тасымалына қарсы бағытталған. Тексерістер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тәртіп орнату үшін қажет. Астана Қырғызстанмен тату көршілік қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ екі ел экономикасына зиян келтіретін заңсыз саудамен бірлесіп күресуге дайын екенін жеткізді.

Еуразиялық экономикалық комиссия шекаралық бақылау әр мемлекеттің өз құзыретінде екенін еске салды. Бұл жағдай ЕАЭО аясындағы интеграциялық үдерістерге әсер етпейді. Одақ ішінде өзара саудада тек ерекше жағдайлардан басқа, кедендік бақылау жойылған. Комиссияда көлеңкелі тауар айналымымен күрес басты бағыттардың бірі екені айтылды. Осы мақсатта тауарларды таңбалау, қадағалау жүйелері енгізіліп, кедендік бақылау күшейтіліп жатыр. Айта кетейік, желтоқсан айының басында Қазақстан премьер-министрі Өзбекстан бағытына теміржолда жүк вагондарының кезегі пайда болуына жауапты компания басшыларын жауапкершілікке тартуды тапсырған еді.



Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанда "виза-ран" жүйесі жойылғаннан кейін Қазақстан азаматтарының елге кіруі қиындады. Осы жағдай шекарадан өте алмай қалған отбасылар мен студенттерге қатысты шағымдардың көбеюіне себеп болды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 03 Ақпан, 2026 17:56