Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Шатастырып Шерзатты ұрып кетіппін": Сотта күдікті Белқожаев жауап беріп жатыр

Фото: Видеодан скрин

Шерзаттың қазасы бойынша сот отырысында күдікті Шыңғыс Белқожаевтан жауап алынып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Белқожаев сотта Нұрқанат пен Шерзатты шатастырып алғанын айтты. 

“Мылтық атқан сақалдыны ұрам деп барғанмын. Видеоны қарасам Шерзатты ұрған екенмін. Сақалдымен шатастырып Шерзатты ұрып, тептім. Сосын көлік келіп, мініп кетіп қалдық. Биатлон жаққа барған соң көлігімде мылтық жатқанын көрдім. Оны алып, жолдың шетіне апарып лақтырып кеттім. Ертесіне тауып беру үшін”, – деді Белқожаев. 



Сондай-ақ күдікті Қаржаубайдың қолында қандай пышақ болғанын айтты. 

“Менің қолымда шаруашылыққа пайдаланған бәкі болды. Пышақты өзім тауып бердім. Бізді ұстаған жерде жатқан, сол жерден тауып бердім. Қаржаубай дүкеннен пышақпен шықты. Ол ас үй пышағына ұқсайды. Істе көрсетілген пышақ емес. Пышақ сол қолында болды. Ал Нұрқанаттың екінші оқты атқанын көрдім. Мен барған кезде Шерзат отырды, соны ұрдым. Пышақпен шығып, мылтық атпағанда мұндай жағдай болмас еді. ”, – деді Белқожаев. 

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Шыңғыс Белқожаевтан жауап алып жатыр. Ал оның қорғаушысы прокурордың жұмысына шағым білдіріп, қысым жасамауды сұрады. Ал судья ешқандай қысым болмағанын, қысым болса өзі ескерту жасайтынын айтты. 

“Жәбірленушінің кім екенін білген жоқпын. Ол жерде басынан емес желке жақ тұсынан екі рет ұрған. Жәбірленуші ол кезде жерде қорғанып жатты”, – дейді сотталушы. 

Прокурор неге әйелдер келмейінше тоқтатпадыңыздар, деген сауал қойды. 

"Төбелес 2-3 минут болды. Сосын 777 дүкеніне кетіп, сол жерде 5 минут тұрдық. Әрі қарай көлікке мініп кетіп қалдық”, – дейді ол. 

Сондай-ақ күдікті оқиға болған күні кішкене алкогольдік ішімдік ішкенін айтты. Ол судьяның “масаң күйде болдыңыз ба” деген сауалына “жарты стакан сыра ішкенін” айтты. 

Аузыңызға келген сөзді айта беруге бола ма?

Сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Белқожаевтың 4 қазан күні берген жауабын оқыды.

Ол жерде сотталушы екі рет куәлік берген. Оның куәлігін судья Ержан Жанұзақов оқыды.

“Сотталушы куәлігінде “оқиға орнында маған таныс емес азиат нәсілді әйел болды. Ол бізден таяқ жеген балаларды арашалап жүрген еді. Осы сәтте сол аяғыммен ер адамның басынан тептім. Қолымдағы пышақтың сабымен басынан ұрып жібердім” деп жауап бергенсіз”, – деді судья. 

Сол сәтте сотталушы ол кезде берген жауабын құптамайтынын айтты. Судья Ержан Жанұзақов құптамаймын, деген не жауап. Аузыңызға келген сөзді айта беруге бола ма, деп кері сауал қойды. 

“Не айтып не қойғанымды білген жоқпын. Ол кезде қысым болды”, – деді сотталушы. 

Сол сәтте жауап алуға адвокаты Сәдібеков араласып, ол кезде қысым көрсетілгенін, сол себепті жөнді жауап болмағанын айтты. Ал судья адвокаттан сол кезде қысым болғанын не себепті айтпағанын сұрады. Сондай-ақ бұл адвокаттың қателігі екенін айтып, жауап қайырды. 

Айта кетейік, бұған дейін Сотталушы Ілиясов Нұрқияс Ғайыппаев Нұрқанаттың мылтық атқанын айтқан еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 16 Мамыр, 2025 14:55
Талқылау