Шәріп Серік пен Бишімбаевтің видеосы: Танымал адвокат актердің арызына қатысты пікір білдірді
Коллаж Stan.kz
Белгілі адвокат Джохар Өтебеков актер Шәріп Серіктің жасанды интеллект арқылы Қуандық Бишімбаевтың қасына отырғызып, видео жасағандардың үстінен жазған арызына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұрынғы сүйіктісіне қол көтеріп, басы дауға қалған актер Шәріп Серік жасанды интеллект арқылы өзін Қуандық Бишімбаевтың қасына отырғызып, видео жасағандардың үстінен арыз жазған еді.
Осы жаңалықтан кейін белгілі адвокат Джохар Өтебеков жасанды интеллект көмегімен видео жасаған контентмейкер Арман Тұрлыбековқа тегін қорғауға ниетті екенін мәлімдеді. Адвокаттың айтуынша, бұл істе қылмыс құрамы жоқ.
"Бұл түкке тұрғысыз іс. Мұнда қылмыстық құқықбұзушылық құрамы жоқ. Менің ойымша, полиция да бұл жағдайды тез түсініп, арызды қысқа мерзімде жабады. Бұл – жасанды интеллект арқылы жасалған видео екені анық. Бұл дипфейк емес, яғни біреуді алдауға тырыспайды. Барлығына бұл видеоны ЖИ жасағаны белгілі. Бұл біріншіден. Екіншіден, мәтіннің қалжың екені бәріне түсінікті. Қолданушылардың пікірлерінен мұны анық байқауға болады", – деді адвокат Джохар Өтебеков.
Айта кетейік, Әлішер Елікбаевқа берген сұхбатында актер Шәріп Серік Бишімбаевпен бірге бейнеленген видеоға байланысты арыз бергенін растады. Алматы полиция департаменті осы іске қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.