Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шапалақпен тартып жіберемін: Арман Дүйсенов бала тәрбиесі жөнінде ағынан жарылды

Аузын ашса, жүрегі көрінетін азамат Арман Дүйсенов соңғы жылдары тоқырауда жүргендей. Бұрынғыдай жаңалық ашуға, жаңа ән жазып, кеш беруге, продюсер болып жобаларын жарыққа шығаруға еш құлшынбайды. Қазіргі Арманның басты арманы мен мақсаты – балаларын аяққа тұрғызып, азамат етіп өсіру екен. Бұл туралы ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне ашық сұхбат берді.

Арман Дүйсенов

– Арман аға, соңғы кездері сізді сахнадан сирек көреміз. Шығармашылық тоқыраудың қармағында жүрген сияқтысыз?

– Әрқайсымыздың жеке телевидениеміз  – инстаграм бар ғой. Сол жақта белсенді болуға тырысамын. Тегін әрі шектеу жоқ. Әзіл ғой. Жуырда мен «Жаңарған жер» деген мюзикл жазып шықтым. Оны Елбасы бастаған еліміздің маңдай алды ел басқаратын азаматтарымыз тамашалады. Жоғары бағалап жатыр. Көрермендер ғаламтордан тауып, көре алады. Және тағы бір кино жоспарда тұр. Қазір сценарий дайын болды. Бірақ, күн өткен сайын кей идеялар ескі болып көрінеді, соны жаңартып жатырмыз. Ал, түсірілімге жуырда кірісеміз. Жанры трагедия-комедия.

– Алдыңғы туындыңызды көрермен жоғары бағалады. Бұл жолы жаңалық әкелу мақсатында қандай актерлермен жұмыс жасауға ниеттісіз?

– Кейбір актерлердің оң жамбасына түссін деп, соларға арнап жаздық. Бірақ, олар келісім бере ме, жоқ па, ол уақыттың еншісінде. Арық айтып, семіз шықса деймін. Сондықтан, түсірілім басталған кезде міндетті түрде сіздерді шақырамын. Өздеріңіз көріп, танысасыздар.

– Инстаграм туралы сөз қозғап қалдыңыз, өзіңіз қаншалықты оқырман алдындағы жауапкершілікті сезінесіз?

– Бұрын бүгінгінің көбі шариғатқа томпақтау көрінетін еді ғой. Ал, қазір заман басқа, заң басқа. Амал басқа, жол басқа. Мен инстаграмды осы тәрбиенің көзі-ау, бұл кері әсерін тигізетін шығар деп жүргізбеймін. Өзімнің өмірімде болып жатқан оқиғалармен бөлісемін. Шығармашылық жаңалықтармен, отбасында болып жатқан әртүрлі демалыстарды, отбасына деген құрметті насихаттап отырамын. Мысалы, кейбір әріптестерім «мына суретте түрім онша емес. Шашым дұрыс болмай қалды. Мұны салмашы» дейді. Мен ондай емеспін. Қалай бармын, солай көрсетемін. Алланың берген түрі сол болғандықтан, сәнденіп отырмаймын.

– Қазір әріптестеріңіз үшін инстаграм басты табыс көзі болып тұр. Сіздің парақшаңызда жарнама жасау құны қанша?

– Негізі инстаграмды табыс көзі ретінде пайдаланатындар көп. Бірақ, мен олардың қатарында емеспін. Неге десеңіз, сол баяғы қазақи бейжайлығым шығар. Әрине, оны қолға алу керек. Мен оны қалай жасайтынын да білмеймін. Көптеген адамдар хабарласып: «мынаны парақшаңызға салып беріңізші», – дейді. Мен жаппай сала беремін.

– Әрине, бұл сіздің өнердегі әріптестеріңіздің ұсынысы ғой. Ал, мүлдем танымайтын қарапайым халықтың жарнама туралы өтінішін қаншалықты орындайсыз?

– Алайда, күдік пайда болса салмаймын. Кейінгі кезде науқас балаларға көмек сұрайды. Мен «осынша салдым» деп мақтанбаймын. Жарияламаймын. Шамам келген ақшаны саламын. Мен ешқашан «мына балалар үйіне барып, тамақ апардым. Ақша бердім. Киім бердім» деп айтпаймын. Алла разылығы үшін жақсылық жасап, жариялағым келмейді. Мүмкін бұлай жариялау да жақсылық шығар. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деп жатады. Кейбіреулерге жарасымды, ал бәзбіреулер үшін ерсі.

– Ұл-қыз өсіріп отырған ардақты әкесіз. Инстаграмның зардабы балаларыңызға тиеді деп қорықпайсыз ба? Қаншалықты ғаламтордағы белсенділіктерін қадағалап отырасыз?

– Барлық мәселе ұялы телефоннан басталады. Ғаламтор мен адамның арасындағы көпір осы құрылғы ғой. Мен ол туралы көптеген сөздер естимін. Өзімнің ойларым да бар. Жиі мінбеге шығып алып, жуан-жуан, кесек-кесек сөз тастаймыз: «оны құрту керек, жою керек» деп. Ал, үйге келгенде соны тағы да қайталаймыз. Сондықтан, ешкімге ақыл айтқым келмейді. Ұялы телефон мен ғаламтор – заманауи талап. Ауылдың түкпірінде жүрген менің ағайындарымның барлығы: еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ұялы телефон ұстайды. Оларға қажет емес деп айта алмаймыз ғой. Шектен тыс пайдаланбау тікелей адамның санасына байланысты. Идеологиялық күрес жүргізілу керек. Мен балаларымның ата-аналар жиналысына барып тұрамын. Сол жерде ұстаздар ұдайы телефонға қатысты ескерту мен шектеу жасайды. Одан кейін жаман айтпай, жақсы жоқ. Ұмытайық десек те, жаман түстей естен шықпай жүрген әлгі екі кішкентай қыздың әрекеті бар. Осындай жамандықтың алдын алу керек. Әлбетте соны көріп, естіген соң бір сілкініп аламыз. Ал, үйге барған соң әр баланың немен айналысып жатқанын қадағалауға тырысамын. Бірақ, «Ей, Алла бала бер. Бала берсең, сана бер» дейді. Мұның бәрі тікелей оның санасына байланысты. Күндіз – түні балаларды қадағалап жүру мүмкін емес.

– Балаларыңыздың телефондары тым қымбат, соңғы шыққан модель шығар?

– Жағдайымыз келгенше қымбат телефон алып береміз. Ең қымбат немесе ең арзан да телефон емес, орташа заманауи телефон ұстайды. Бірақ, мектепке мұлдем смартфон ұстамайды. Сондықтан, балаларым мектепке Iphone емес, ғаламторға кірмейтін тек байланысқа арналған JaiPhone (жайфон) ұстайды. Ал, үйге келген кезде заманауи қымбат телефондарына рұқсат береміз. Алайда, «не істеп отырсың? Кіммен сөйлесіп, не көріп отырсың?» деп жалтақтап қарай берген де ұят екен. Қыздардың телефонын анасы бір тексеріп отырады ғой. Ең бастысы қатаң тәртіп емес, сенім мен сыйластық қой. Санасы бар баланы тексеру қажет емес, сену керек.

– Ал, қаншалықты қымбат телефонды сатып әперуге бейімсіз?

– Ол жерде тікелей көңіл-күй мен материалдық жағдайға және қажеттілігіне байланысты. Мысалы, баламның аяқ киімі тар болып қалса жаңасын әрі сапалысын аламын. Ол орта бағадан қымбаттау болуы мүмкін. Ол үшін мені сөгуге болмайды ғой. Сол сияқты ұл-қыздарыма телефон алған кезде де сапасына қарап, салыстырып аламын. Бәлкім, біреу үшін қымбат, ал өзгесі үшін арзан болуы мүмкін. Бірақ, әр шыққан соңғы модель телефонды алып беруімді сұраса, ерінбей баламды отырғызып, сағаттап болса да ашық сөйлесіп, бәрін түсіндіруге дайынмын. Санасына «Дүниенің шегі жоқ. Ешкім шетіне жеткен емес. Мен саған миллион доллар берсем бір күнде жаратып қоюың мүмкін. Ал, оны қаншама уақыт маңдай термен табасың», – деп түсіндіруге тырысамын.

– «Баланы – жастан» деген керемет сөз бар. Балаларыңызды қалай тәрбиелейсіз? Қол көтересіз бе?

– Кішкентай кезінде шапалақпен тартып жіберетінмін. Қазір бір тал гүлім мен қос ұлым бар. Әжем баяғыда ұршықпен тірсегімізден ұратын еді. Сол сияқты кішкентайымды кейде жанды жерінен емес, етті жерінен тартып қалатыным бар. Өйткені, шектен тыс еркелеп кететін кездері болады.

– Десе де, психологтар баланы ұруға болмайды, тең дәрежеде сөйлесу керек дейді. Бұл туралы ойыңыз қандай?

– Әрине, ол да керек. Бірақ, оның өз уақыты келеді. Шамамен, 9-10 жастан бастап сырласып, бәрін түсіндіруге болады. Ал, ол жасқа дейін олар айтқанды ұмытып кетеді. Кейде шыбықпен қорқытып тұру керек. Енді бұл дегеніміз таңнан кешке дейін дүрсілдетіп ұрып, көгертіп, көзін шығарып, мұрнын бұзу емес. Бала «ш» витаминінің дәмінің қандай екенін білмейінше, түсінбейтін болады. Шыбықты бір сезінген соң, «ш» витамині деп бастаған кезде тәртіпке түседі.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Тағы оқыңыз: 

Ажырасқаны үшін: Алтынай Жорабаева қыз ұзату мен тұсау кесуден бас тартып жүр

Ерекше ұсыныс жасады: Айсәуле Бақытбек тұрмысқа шыққалы жатыр

17 жасында тұрмысқа шыққан келіншек: Күйеуге ерте шықсаң, төркіншіл болмайсың

Асқазан жарасын емдейді: Қазақстандық дәрігер Оразаның пайдасы жайлы

Талқылау