Шәмшінің «Тамды аруы» Қарағандыда тұрады
Кеңес тұсында Шәмші Қалдаяқов іс-сапармен Өзбекстан еліне барғаны тарихта да бар. Өзбек жерінде қазақтардың көп шоғырланған бұл – Тамды ауданы еді. Тілін, дінін ұмытпай, салт-дәстүрді сақтап, өнерге жақын мыңдаған қазақ өсіп, өнген мұнда.
Бұл туралы STAN.KZ сайтының Қарағандыдағы тілшісі хабарлайды.
Мыңбұлақтың тумасы Ақсұлу Ерманова Шәмшінің ауылдарына 1975 жылы келгенін айтады. Еліне аты шығып, әнші атанған ару Қазақ елінен келген атақты сазгерге клубта (мәдениет үйі) әнде шырқағанын жасырмайды.
«Сол уақытта азанғы құстың сайрағанын, түйенің қабат-қабат өтіп бара жатқанын көріп, нағыз қазақ осы ауылда екен ғой. Шашы ұзын қыздары да бар екен деп, Шәмші біздің ауылға тамсана қарағаны бар»,- дейді Ақсұлу әжей.
Сол концертте Ақсұлу Ерманова ұлттық киімін киіп, шашына екі бұрым қойып, «Еркем-ай» әнін шырқапты. Тобығына жеткен дәл сол бұрымға Шәмшінің көзі түскен деседі. Кеш соңында келіншектердің бірінен Ақсұлуды шақыртқанын да ауылдастары айтады.
Бірақ, ол кез біреудің келіні, жары, екі баланың анасы Ақсұлу кездесуге бармаған . Бірақ, біраз уақыт өткен соң, «Мұндай кереметтей арулары бар ауылға ән арнамасам, сазгерлігіме сын шығар» деп, «Тамды аруын» жазыпты.
Содан бастап, Ақсұлу әжейді бүкіл Өзбек елінде жүрген қазақтар «Тамды аруы» деп атап кетіпті.
«Біздің ауыл Мұңбұлақ десе, Мыңбұлақ еді. 1001-ші менің қайынсіңілім. Шыны керек осы әнге кезінде үлкен тартыс болды. Бірақ мен өз қайынсіңіліме арналғанына сенімдімін. Өйткені Шәмші бұл қызды арнайы шақырды бұл бармады келін ғой енді»,- дейді жеңгесі Ұлша Баданбаева.
Шәмші айтса айтқандай, жас кезінде Ақсұлу әжей аққұба, сұлу болғанын суреттерінен де көруге болады. Бетіне әжім түсіп, самайы ағарса да, өзінің әсем келбетін жоғалтпапты. Қазір «Тамды аруы» Теміртау қаласында тұрады.
«Өлең шыққан соң да мен ешкімге айтқан емеспін. Адамдар саған шықты, саған арналды дегенде де жасырып жүрдім. Қойш, маған керек емес, онсызда менің ән айтатынымды халқым біледі деп қарапайымдылыққа бардым»,- дейді Ақсұлу Ерманова.
Жұбайының көзі тірісінде Ақсұлу әжей «Шәмшінің бірде- бір әнін орындамай өттім»,- дейді.
Қазір алты баласы, он тоғыз немере сүйіп отыр. Зейнет жасында болса да, әншілік өнерін тастамай, Теміртаудағы «Әжелер ансамбілінің» мүшесі.