Шахмұрат Мүтәліп "Алтыналмасты" сатып алады — Bloomberg

Integra Construction KZ құрылыс тобының иесі, кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп “Алтыналмас” алтын өндіруші компаниясын сатып алуы мүмкін. Бұған қоса, кәсіпкер Glencore-дан “Қазцинкті” және ERG компаниясындағы 40 пайыздық үлесті сатып алу жөніндегі келіссөздерді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Bloomberg мәліметінше, “Алтыналмасты” сатып алу Шахмұрат Мүтәліп үшін “Қазцинк” пен ERG бойынша ықтимал мәмілелерден кейінгі үшінші ірі келісім болуы ықтимал. Дегенмен, оның компанияны толықтай сатып ала ма, әлде тек белгілі бір үлесін ғана иелене ме – бұл жағы белгісіз.
“Ықтимал ірі мәміленің бірі – “Алтыналмас” алтын өндіруші компаниясын сатып алу болуы мүмкін. Шахмұрат Мүтәліп бұл жоба бойынша әлеуетті кредиторлармен байланысқа шығып үлгерген”, – делінген Bloomberg материалында.
1 қаңтардағы мәлімет бойынша, “Алтыналмастың” 54,62% Нидерландта тіркелген GOUDEN RESERVES B.V. компаниясына тиесілі, тағы 18,62%- кәсіпкер Владимир Джуманбаев иелік етеді. “Алтыналмастың” негізгі өнімі – Доре құйма алтыны, ол әрі қарай өңдеу үшін Астанадағы “Тау-Кен Алтын” аффинаж зауытына жіберіледі. Ал аффинирленген алтынның сатып алушысы – Қазақстанның Ұлттық банкі.
Glencore-пен мәміле
Шахмұрат Мүтәліптің Glencore-пен ықтимал келісімі туралы былтыр күзде белгілі болған. Ақпаратқа сәйкес, кәсіпкер швейцариялық трейдерден 70% үлесті толықтай сатып алуы мүмкін. Қалған 30% акция квазимемлекеттік “Тау-Кен Самұрық” құрылымына (“Самұрық-Қазына” қорының еншілес ұйымы) тиесілі.
Bloomberg дереккөздері мәміле құны $4 миллиардтан $4,5 миллиардқа дейін жетуі мүмкін деп болжап отыр. Сонымен қатар Glencore сатып алуды кәсіпкерге қарыз қаражатын ұсынып, өзі қаржыландыруы ықтимал. Шахмұрат Мүтәліппен мәміле аясында Glencore өнімді өткізу құқықтарын (оффтейк-келісімшарттар) және унциясы $5 мыңнан асатын алтын бағасынан түсетін табыстың бір бөлігін сақтап қалуды жоспарлайды.
Forbes деректеріне сүйенсек, 21 қаңтарда Шахмұрат Мүтәліп АХҚО-да екі жаңа жеке басқарушы компанияны – KazZinc Group Ltd және Central Asia Resources Holding Ltd-ті тіркеген. Ол екеуінің де акционері әрі CEO-сы.
“Қазцинк” 1997 жылы құрылған. Бұл – мырыштың ірі интеграцияланған өндірушісі, сонымен қатар мыс, бағалы металдар және қорғасын өнімдерін қатар шығарады. Компания кәсіпорындары ШҚО, Ақмола облысы және Ұлытау облыстарында жұмыс істейді.
Glencore 1974 жылы Marc Rich + Co AG ретінде құрылған (1994 жылы қазіргі атауын алған). Glencore акцияларының ең ірі пакеті (10,36%) Иван Глазенбергке тиесілі (компанияның бұрынғы бас директоры, Forbes-тің ең бай адамдардың динамикалық рейтингінде 223-орында). Тағы 8,89% акция Qatar Holding-ке (Qatar Investment Authority құрылымы) тиесілі. Қаңтар басында компания аустралиялық-ұлыбританиялық Rio Tinto тау-кен тобына бірігуі мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда Bloomberg мәліметінше, келіссөздер 2026 жылғы ақпанда сәтсіз аяқталған.
ERG бойынша ықтимал мәміле
Сондай-ақ 2025 жылғы желтоқсанның соңында Financial Times дереккөздерге сүйеніп, Шахмұрат Мүтәліп ERG тау-кен компаниясындағы 40% үлесті сатып алуға өтінім бергенін жазған. Бұл пакет Патох Шодиевке (18,6%) және 2025 жылғы наурызда қайтыс болған Александр Машкевичтің мұрагерлеріне (20,7%) жиынтық түрде тиесілі.
Bloomberg мәліметінше, бұл мәмілені қаржыландыруды Муталип Glencore-пен де, бәсекелес трейдер Mercuria-мен де талқылап жатыр. Mercuria "Қазцинк" пен ERG бойынша келісімдерде кредитор болуға үміткер екені, есесіне өнім маркетингі құқықтарын алғысы келетіні айтылған. Бұған дейін, желтоқсанда Mercuria басқа құрылыс магнаты — Нурлан Артықбаевтың "Қазақмысты" сатып алуын қаржыландырған.
“Егер үш мәміленің де бәрі аяқталса, бұл Қазақстанның тау-кен саласындағы билік құрылымында ауқымды өзгеріс болмақ. Шахмұрат Мүтәліп алюминийден бастап мырышқа дейінгі активтердің ірі желісіне шоғырланған бақылау алады”, – деп есептейді Bloomberg дереккөздері.
Дегенмен Glencore мен Mercuria басылымға пікір беруден бас тартқан. Integra Construction, “Қазцинк”, ERG және “Алтыналмас” сауалдарға жауап бермеген.
ERG 1994 жылдан бері жұмыс істейді. Оның құрамына “Қазхром”, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту бірлестігі, “Алюминий Қазақстан” және Қазақстан электролиз зауыты кіреді. Соңғы деректер бойынша ERG-дегі үлестер былай бөлінген: ERG-дің тең құрылтайшысы Әлижан Ибрагимовтың жесірі Мұқадасхан Ибрагимова және оның ұлдары Достан, Даврон, Шухрат, Фурхат – 20,7%, Патох Шодиев – 18,6%, Александр Машкевич мұрагерлері – 20,7%. ҚР үкіметінің үлесі – 40%.
Шахмұрат Мүтәліп – Integra Construction KZ құрылыс компаниясының иесі. Ақпанның ортасында ол “Ордабасы” футбол клубы сатып алғаны белгілі болды. Integra Construction KZ 1998 жылы құрылған, теміржолдарды салу және жөндеумен айналысады әрі осы саладағы Қазақстандағы ең ірі компания саналады. Сондай-ақ автожолдар салып, қайта жаңғыртады, көлік-логистикалық кешеннің инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асырады және құрылыс саласының басқа да бағыттарында жұмыс істейді.
"Денем кез келген уақытта ісіп кетеді": Қазақстандық өзінің ісік ауруымен ауыратынын 50 жылдан кейін ғана білген