Шахмұрат Мүтәліп "Алтыналмас" компаниясын сатып алады: Келісімге қол қойылды

19 наурыз күні Forbes Kazakhstan басылымына белгілі болғандай, қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп "Алтыналмас" алтын өндіруші компаниясын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мүтәліпке тиесілі Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы "Алтыналмас" АҚ-ның 100% акциясын сатып алу жөніндегі келісімді рәсімдеген. Мәміле аясында компанияның барлық еншілес ұйымдары да жаңа инвестор бақылауына өтеді.
Келісім толық аяқталатын нақты мерзім әзірге жарияланған жоқ. Алайда мәміле нәтижесінде холдинг "Алтыналмас" тобына толық бақылау орнатады. Қазіргі таңда компанияның тоғыз акционері бар. Олардың ішіндегі ең ірі үлес Нидерландта тіркелген Gouden Reserves B.V. компаниясына тиесілі (66,39%).
Шахмұрат Мүтәліптің өкілдері бұл сатып алуды холдингтің ұзақмерзімді инвестициялық стратегиясындағы маңызды қадам деп бағалады. Олардың айтуынша, "Алтыналмас" өндірістік базасы мықты, тарихы қалыптасқан және кәсіби командасы бар актив. Жаңа меншік иесі компанияның тұрақты жұмысын сақтап, басқарудағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, әлеуметтік міндеттемелерді орындауды жалғастыруды көздеп отыр.
Сатушы тарап та мәмілені оң бағалап, активтің стратегиялық инвесторға өтуі компанияның әрі қарай дамуына оң әсер ететініне сенім білдірді.
Шахмұрат Мүтәліп Қазақстандағы ірі жеке құрылыс компанияларының бірі Integra Construction KZ-ның бенефициары. Ол бұған дейін де тау-кен секторындағы активтерге қызығушылық танытып, "Қазцинк" компаниясының 70% үлесін және ERG компаниясының 40% акциясын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқаны хабарланған.
Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы 2026 жылдың қаңтарында АХҚО-да тіркелген. Ол Орталық Азиядағы шикізат және өнеркәсіп секторларына ұзақмерзімді инвестиция салмақ.
- Бизнесмен Турлов Қазақстанда тағы бір банк пен маркетплейс сатып алмақ
-
Air Astana әуе компаниясынан британиялық инвестор толық кетпек: Акция қаншаға сатылып жатыр
Айта кетейік, "Алтыналмас" Қазақстандағы алтын өндіруші жетекші үш компанияның бірі. Оның активтері Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарында орналасқан. Компания толық өндірістік циклді қамтиды геологиялық барлаудан бастап дайын өнім шығаруға дейін.
Компания 1993 жылы құрылған. 2026 жылдың басындағы дерекке сәйкес, ірі акционерлер қатарында Gouden Reserves B.V. және кәсіпкер Владимир Джуманбаев бар. Джуманбаев 2025 жылғы Forbes рейтингі бойынша Қазақстанның ең бай кәсіпкерлерінің бірі саналады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы ірі өндірістік активтердің бірі "Қазақмыс" корпорациясының сатылуы туралы ақпарат тараған еді. 2025 жылдың соңында компания Qazaq Stroy тобының иелігіне өтті. Кейін бұл мәміле елдегі ең ірі келісімдердің бірі ретінде бағаланып, оған шетелдік қаржы құрылымдарының қатысқаны белгілі болды. Осыдан кейін "Қазцинк" активтеріне қатысты да өзгерістер туралы мәліметтер шығып, тау-кен саласындағы меншік құрылымының қайта бөлініп жатқаны байқалды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған