Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шағын бизнесті қаржыландырудың қандай жолдары бар?

Қаржыны тиімді пайдалана алу кез келген бизнестің сәтті дамуының негізі бола алады. Шағын кәсіпорындар ұлғаю үшін не қажетті құрал-жабдықты сатып алу үшін әрдайым қаражатқа зәру. Сәйкесінше қазір кәсіпкерлер үшін бизнеске қаражат тартудың көптеген жолы бар, соның ішінде дәстүрлі банк несиелерінен бастап, венчурлік қаржыландыру және краудфандинг сияқты заманауи әдістерге дейін қарастыруға болады. Бұл мақалада біз шағын бизнесті қаржыландырудың негізгі түрлерін, олардың артықшылықтарын қарастырамыз және несие алуға қалай дайындалу керектігі туралы айтамыз.

Иллюстрация. Stan.kz

Бизнесті қаржыландыру әдістерінің қай-қайсысы болмасын, өзіндік ерекшеліктері бар. Ең қолайлы нұсқаны таңдау бизнесіңіздің қай кезеңді өткеріп жатқанына, оның қажеттіліктеріне байланысты. Ендеше, нақты жолдарды қарастырайық:

Банк несиелері

Шағын бизнесті қаржыландырудың жиі таралған тәсілдерінің бірі – банктен несие алу. Кәсіпкерлер көп шығынды жабу үшін мерзімді несиелер алып немесе айналым капиталын толықтыру үшін несие желісін аша алады. Банктер компанияның қаржылық жағдайына байланысты әртүрлі несие шарттарын ұсынады. 

Мерзімді несиелер –  шұғыл қаражат қажет кезде қысқа мерзімге берілетін қарыздар. Әдетте ұзақ мерзімді несиелерге қарағанда пайызы жоғары болады. Олар күтпеген шығындарды жабу, айналым қаражатын толықтыру немесе уақытша қаржылық қиындықтарды шешу үшін қолдануға тиімді әдіс. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдау аясындағы мемлекеттік бағдарламалар төмендетілген пайыздық мөлшерлемелермен жеңілдетілген несиелер береді. Мұндай несиені алған кәсіпкерлер қарыздарын аз шығынмен өтей алады. Бұл, әсіресе, нарыққа енді кіріп жатқан компаниялар үшін өте тиімді. 

Лизинг

Лизинг – бұл қаржыландырудың тағы бір кең таралған түрі, әсіресе қосымша кепіл қоймай, техника алғысы келетіндер үшін тиімді. Мұнда кәсіпкер жабдықты сатып алмай-ақ, оны жалға алады, ал келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін оған сатып алу құқығы беріледі. Мұнда жалға алған жабдықтың құнын бірден төлеу қажет етілмейді, сондықтан бұл қаржылық жүктемені азайтады. Бұл әдіс, әсіресе, операциялық қаржыландыру үшін тиімді, себебі жалға алынған техника бизнесті жақсарту және кірісті арттыру үшін қолданылады.

Венчурлық қаржыландыру

Стартаптар мен инновациялық жобалар үшін венчурлық қаржыландыру тағы бір тиімді әдіс. Бұл қаржыландыру түрі арқылы сіз инвесторлардан қаражат тартасыз, олар салған инвестициялары үшін компанияның үлесін алады. Банк несиелерінен айырмашылығы, венчурлық қорлар болашағы бар, бірақ тәуекелі жоғары жобаларға ақша салуға дайын, өйткені олар болашақта үлкен пайдаға кенелуді қалайды.
Венчурлық қаржыландырудың негізгі артықшылықтарының бірі – компанияға салынған ақшаны бірден қайтарудың қажеті жоқ. Оның орнына инвесторлар бизнеске серіктес болады, оның өсуіне және дамуына көмектеседі. Дегенмен кәсіпкерлер компанияның басқару құқығын теңдей бөлісуге дайын болу керек.

Краудфандинг

Краудфандинг – капиталды тартудың заманауи жолдарының бірі, әсіресе, стартаптар мен инновациялық немесе әлеуметтік маңызы бар өнімдерді жасайтын шағын компаниялар арасында танымал. Kickstarter немесе Indiegogo сияқты краудфандинг платформалары арқылы бизнес иелері көптеген адамнан шағын сома көлемінде қаражат жинай алады, ал кәсіп иелері оларға алғыс ретінде әртүрлі сыйлықтар, бизнестен үлес немесе болашақта шығаратын өнімдер ұсына алады. Дегенмен краудфандингтің кәдеге жарауы идеяны көпшілікке дұрыс таныстыру және жобаға назар аударта алу қабілетіне байланысты.

Несие немесе инвестиция алуға дайындық

Несие алуға өтініш бермес бұрын немесе инвесторлар іздеудің алдында мұқият дайындалу қажет. Ең алдымен, компанияның даму стратегиясын, нарық ерекшеліктерін, клиенттерді тарту жоспарын және кіріс қалай келетінін болжап, егжей-тегжейлі бизнес-жоспар жасау керек. 

Бизнес-жоспар — несие немесе инвестиция алудың негізі. Ол сіздің бизнесіңіздің қалай жұмыс істейтінін, оның мақсаттарын, стратегиясы мен болашағын көрсетеді. 

Несие тарихы – банктер кредит өтінімін қарастырғанда бағалайтын негізгі факторлардың бірі. Ол сіздің төлем қабілетіңізді және қаржылық міндеттемелерді қалай орындағаныңызды көрсетеді. Өтінім бермес бұрын, несие тарихыңыздың таза екеніне және өткен міндеттемелер бойынша кешіктірілім болмағанына көз жеткізіңіз. Әрбір банк немесе инвестор өтінімді қарастыру үшін белгілі бір құжаттар топтамасын талап етеді.

Инвесторлар мен банк бизнесінің нақты даму жоспары бар екенін және салынған қаражатты қайтара алатынына күмәнсіз сенгісі келеді. 

ЦентрКредит Банкі ұсынатын жеңілдетілген несиелер

Шағын бизнес үшін тиімді қаржыландыру мысалы ретінде ЦентрКредит Банкі ұсынатын жеңілдетілген несие бағдарламасын айтуға болады. Бұл бағдарлама "Даму" қорының қолдауымен жүзеге асырылады әрі кәсіпкерлерге жылдық пайыздық мөлшерлемесі төмен, яғни 7-8%-бен несие алуға мүмкіндік береді. "Даму" қорының өңірлік қолдау бағдарламалары 8 аймақта қолжетімді. 

Бұл несиені екі мақсатта пайдалануға болады:

  • Инвестициялар үшін қаржыландыруға,
  • Айналым қаражатын толықтыруға.

Несие шарттары:

Ең жоғарғы сома – 100 000 000 теңгеге дейін,

Қарыз мерзімі:

Инвестициялар үшін – 84 айға дейін,

Айналым қаражатын толықтыру үшін – 36 айға дейін,

Сыйақы мөлшерлемесі:

  • Номиналды мөлшерлеме – жылдық 6%-дан аспайды,
  • ЖТСМ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі) 7%-дан басталады.

Айта кету керек, әр аймақта несие сомасы мен пайыздық мөлшерлеме ерекшеленеді. Толығырақ ЦентрКредит Банкі сайтынан біле аласыз.

Егер сіз Жеке кәсіпкер болсаңыз не Жауапкершілігі шектеулі серіктестігіңіз тіркелген болса, бағдарламаға қатысу үшін кәсібіңіз кем дегенде 1 жыл жұмыс істеуі керек. 

Бұл бағдарлама арқылы шағын және орта бизнес өкілдері өз істерін дамытуға немесе шаруасын кеңейтуге, жаңа инвестицияларды жүзеге асыруға және айналым қаражаттарын толықтыруға қолдау ала алады.
Бағдарламаға қатысу үшін: банкке өтініш беру, мақұлдау алу және субсидиялау туралы келісімге қол қою қажет болады. 

ЖК үшін – соңғы жылдағы қаражат айналымын көрсететін көшірім, жеке куәлік, ЖК куәлігі керек болады.

ЖШС үшін – басшының жеке куәлігі, басшыны тағайындау туралы бұйрық, ұйымның мөрі мен қолы, басшыны тағайындау туралы жарғы, соңғы жылдағы айналым бойынша көшірім.

Әрбір бизнес бірегей болғандықтан, қаржылық құралды таңдау нақты жағдай, бизнестің кейсіне тәуелді. Банк несиелері тұрақты компанияларға қолайлы, өйткені олар өз кірістерін және төлемдерін болжай алады. Лизинг – жабдықтарды қомақты бастапқы шығындарсыз тез алуға тамаша мүмкіндік. Венчурлық қаржыландыру мен краудфандинг стартаптар мен инновацияларды тез дамытуды көздейтіндер үшін жақсы. Осы ретте кәсіпкер үшін барлық қолжетімді қаржыландыру нұсқаларын мұқият бағалап, компанияның қазіргі және ұзақ мерзімді қажеттіліктеріне сәйкес келетінін таңдау жасау маңызды.

 

Талқылау