Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

“Сержант соққыға жығып, атымызға несие рәсімдейді”: Шымкенттегі әскери бөлімшеде сарбаздар қорлық көріп жүргендерін айтты

Фото: 

Шымкенттегі әскери бөлімшеде сарбаздар сержант ұрып-соғады деп шағымданды. Оған қоса олар бөлімшедегі антисанитарлық жағдайға наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"За нами уже выехали” Telegram арнасындағы ақпаратта Шымкент қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты 35748 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбаздары көмек сұрағаны жазылған. Олар бөлімдегі антисанитарлық жағдай мен әскер жарғысына сай келмейтін қарым-қатынастарға қатысты шағым айтты.

Хат авторларының айтуынша, тазалықтың болмауы батальонда саңырауқұлақ ауруларының жаппай таралуына себеп болған. Сонымен қатар, сарбаздарды емдеу хаттамаға сәйкес жүргізілмей жатқан көрінеді.

"Батальон құрамындағы 70 адамға бар болғаны тоғыз қолжуғыш қарастырылған. Алайда көпшілігі оларға жетіп үлгермейді, себебі сержанттар арасында "кім үлгерсе – сол жуынады, үлгермегеннің өзі кінәлі" деген ар-намысқа тиетін, келемеждеу сипатындағы ереже қалыптасқан. Душ қабылдау мәртебе. Ондай мүмкіндікті тек санаулы, жақыны бар адамдар ғана пайдалана алады. Көптеген крандар мүлде жұмыс істемейді. Істен шыққан ба, әлде басқа себеп пе нақты белгісіз. Әдейі істелген де болуы мүмкін деген күдігіміз бар”, – дейді сарбаздар.

Сарбаздар сөзінше, сержанттардың бірі әскери қызметшілерді жүйелі түрде қорлап, оларға күш көрсетеді.

"Қорлау әрекеттеріне сержант аса жауапкершілікпен қарайды. Қолындағы темір таяқпен тек бастың шашты жерінен ұрып, көгерген ізді жасыруға тырысады. Сонымен қатар, сарбаздарды полигонында атып тастаймын деп қорқытады. Көптеген мерзімді сарбаздардың атынан сержанттар несие мен микронесиелер алған. Батальон ішінде шағым айтып, көмек сұраудың еш мәні жоқ, ондай әрекеттеріміз нәтиже бермеді. Психологиялық тест пен анкета жай көзбояушылық, бұл тек бізде емес, барлық жерде осындай”, – делінген хабарламада.



Қорғаныс министрлігінің өкілдері аталған әскери бөлімде жан-жақты тексеру басталғанын хабарлады.

"Қазақстан Республикасы қарулы күштері құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысының тапсырмасымен көрсетілген әскери бөлімге арнайы комиссия жіберілді. Оның міндеті – айтылған жағдайларды жан-жақты тексеру. Сонымен қатар, бұл ақпарат құқық қорғау органдарында тіркеліп, қылмыстық іс бойынша процессуалдық шаралар басталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, сондықтан тергеу мүддесіне байланысты нақты мәліметтер әзірге жарияланбайды”, – деп жауап берді.

Министрлік комиссия жұмысы мен тергеу нәтижелері бойынша толық ақпарат берілетінін жеткізді.

Біз оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін бақылауда ұстаймыз.

Еске салсақ, осыған дейін Жетісу облысы Сарыөзектегі әскери бөлімде жас сарбаз көз жұмған еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 21 Сәуір, 2025 22:15
Талқылау