Серік Жұманғарин бұрынғы уақыт белдеуі қайтарылмайтынын растады
Үкімет отырысынан кейін премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, шешім қабылдаудың белгілі бір ережелері бар. Ал үкімет оны қабылдаған кезде міндетті түрде мемлекеттік референдумды үнемі өткізіп отырудың қажеті жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
"Негізінен алғанда, шешімді қабылдаудың белгілі бір регламенті бар. Үкімет қандай да бір шешімдер қабылдаған кезде әрдайым референдум өткізуге тиісті емес. Ол үшін алқалы орган бар. Бұл жағдайға оралсақ, шешім қабылдар алдында қажет зерттеулер жүргізілді. Шешім белгіленген тәртіпке сәйкес қабылданды. Одан кейін регламент шеңберінде петиция пайда болды. Петиция қаралып, нақты шешім қабылданды. Регламент бұзылған жоқ", – деді Серік Жұманғарин.
Серік Жұманғарин қазір бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы адамдар да бар екенін және олардың айтқан дүниелері расталмай жататынын айтты.
"Мәселен, денсаулыққа кері әсері бары, электр энергиясын тұтыну көлемі артып жатқаны. Ерте тұру қажеттігі, кеш ерте бататыны да айтылады. Бірақ бұл – субъективті санаттағы нәрсе. Екіншіден, электр энергиясын шамадан тыс тұтыну да расталмады", – деді премьер-министрдің орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін депутаттар уақыт белдеуі мәселесі мәжіліс отырысында қаралатынын айтты. 1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысты. Алайда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтар жарыққа көп шығындалатын болды. Наурызда ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған. Бұдан бөлек бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік. Ал министрлік бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қанағаттандырмай қойды.