Серік Ибрагимов үйленгеніне 2 жыл болса да, жұбайының қолынан наурыз көже ішіп көрмеген
Көк жәшіктен жылтырап қана көрінетін жұлдыздардың жанұясында наурыз мерекесі қаншалықты насихатталады? Олар отбасында «наурыз көже» дайындай ма? Ұлыстың ұлы күні Stan.kz тілшісі арнайы сауалнама жүргізіп, әртістердің шынайы бетпердесін шешті.
Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын шаңырақ көтерсе де, Серік Ибрагимов жұбайының қолынан дайыналған наурыз көженің дәмін татып көрмепті…
«Достарымызбен, бауырларымызбен жиналған кезде бір үйге апарып жасайды. Сол кезде міндетті түрде қонаққа барамыз. Шынымды айтайын, былтыр біздің үйде жасалған жоқ. Өйткені әйелім жүкті болғандықтан, «наурыз көже» жасауға мүмкіндік болған жоқ. Екіншіден, ауылда болдық. Ал биыл қай жерден болса да, міндетті түрде, наурыз көже ішеміз ғой», – дейді Серік Ибрагимов.
Отандық эстрададағы ер азаматтардан бөлек, шоу-бизнестегі бикештердің де наурыз көже әзірлеуге құлшынысы байқалмайды. Мәселен атышулы Алтынай Жолдыбаева өзінің емес, өзгенің тағамынан дәм татқанды әдетке айналдырған.
«Мен жылда наурыз көже жасамаймын. Бірақ наурыз көжені ішуге барамын. Менің құрбыларым өте дәмді жасайды. Осы уақытқа дейін ешқашан жасап көрмеппін. Өмір бойы үйренумен жүрміз ғой. Сондықтан алдағы уақыттарда жасап көрермін», – деп құтылды Алтынай Жолдыбаева.
Ал отбасында наурыз көже әзірлемейтін жұлдызды жанұяның бірі – Ринат Баситовтың шаңырағы. «Азия» тобының әншісі қалалық жерде қолайсыз екенін айтады.
«Сөздің шыны керек, үйде біз наурыз көже дайындамаймыз. Сыртқа шығамыз, қонаққа барамыз. Наурыз көжені, жалпы, ауылда дайындайды ғой. Ол жерде енді жер үй. Алматыда біз жер үйде емес, пәтерде тұрамыз. Кішкене ыңғайсыз болады. Сондықтан даладан ішкенді жақсы көреміз», – дейді Ринат Баситов.
Айқынның жұбайы да наурыз көже әзірлеп әншіні қарық қылмайды екен. Бірақ Төлепберген ата-анасының үйінен дәм татады. Бірақ Ринат Баситовтың жауабын нағыз сылтау деп отыр.
«Әкеміз жыл сайын наурыз көже істейді. Міндетті түрде сол үйге барып дәмін татамыз. Наурыз көжені жасау үшін пәтер ме, жер үй ме, айырмашылығы жоқ қой. Ең бастысы ас үйің болса болды ғой. Пешің болса болды. Қосып қойып, суға қайнатып, керекті тағамдарды салып жасаса болды. Бұл, әрине, сылтау деп ойлаймын. Әртістер негізі еріншек қой», – дейді Айқын Төлепберген.
Әріптестері талқыға салған тақырыпқа қатысты Гүлнұр Оразымбетованың да айтары бар.
«Негізі, наурыз көже қалалық және ауылдық жерге бөлінбеу керек. Ол үй болған шаңырақта міндетті түрде қазан асылып, ет пісіп, наурыз көже дайындалуы керек. Менің отбасымда жыл сайын наурыз көже міндетті түрде дайындалады. Тек 22 күні ғана емес. 18-19 күндері дайындап, жасай бастаймын. Сол 18 наурыздан бастап, әбден тойғанша ішеміз. Жалпы тойып ішу керек дейді ғой», – дейді Гүлнұр Оразымбетова.