Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сенде жерлеуге ақша бар": Ақтөбеде ер адам 80 жастағы соғыс ардагерінің қызын аяусыз соққыға жығып, тонап кетті

Ақтөбеде 80 жастағы соғыс ардагерінің қызы аяусыз соққыға жығып, тонап кеткенФото: ЖИ

Ақтөбеде сот 80 жастағы әйелдің үйіне басып кіріп, оны соққыға жығып, тонап кеткен 34 жастағы ер адамға үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазонға” сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл арсыз қылмысты 34 жастағы ақтөбелік жасаған. Іс материалдарына сәйкес, ер адам шабуылды алдын ала жоспарлаған. Үйге кіру үшін ол танысынан терезені қағып жіберуді сұраған. Алайда танысы қылмыскердің нақты не ойлағанын білмей, өтінішін орындаған соң кетіп қалған.

“Үйге кірген соң ер адам кейуананы бетінен жұдырықпен ұрып, мойнын орамалмен орап, үй ішінде сүйрелеп, диванға құлатқан. Ол әйелден ақша талап етіп “Сен сияқты кемпірлерде жерлеуге әрқашан ақша болады” деген. Кейін оның саусағындағы күміс сақинаны шешіп алып, шкафтарды ақтарып, “Суға батқандарды құтқарғаны үшін” медалін, “Кеңес армиясының үздігі” төсбелгісін, орденін, 15 мың теңгені, кеңестік рубльдерді, банк картасын, ұялы телефонын, әшекей бұйымдарын алып қашып кеткен. Барлық ұрланған мүлік 118 мың теңгеге бағаланған. Әжейде қомақты дүние де, жинақ та болмаған”, – деп жазды басылым.

Кейуана – Ұлы Отан соғысы ардагерінің қызы. Шабуылдан кейін ол қатты күйзеліске түскен: денсаулығы нашарлап, жедел жәрдемді жиі шақыратын болған және өз үйінде түнеуге қорқады. Жәбірленуші бұған дейін ешқашан ауруханада жатпағанын жеткізген.

“Суға батқандарды құтқарғаны үшін” медалі оған 21 жасында өзенде үш адамды құтқарып, өзі қаза тапқан ұлының құрметіне табысталған. Әйел бұған дейін де, он жылдан астам уақыт бұрын, алаяқтарға тап болған. Сол кезде оған белгісіз біреулер қоңырау шалып, ұлы ұсталғанын айтқан. Алайда ол кезде ұлының өмірден өткеніне біраз жыл болған.

Ер адам шабуыл жасалған күні-ақ ұсталған. Сотта ол кінәсін мойындамай, әйелді кездейсоқ көргенін және оның өзі көмек сұрағанын айтқан. Алайда тергеу мен сот шабуылды дәл осы адамның жасағанын анықтады.

Судья оны 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 26 Ақпан, 2026 16:57