Сенаторлар мас көлік жүргізушілеріне жазаны жеңілдету жайлы ұсынысты талқылауға дайын
Сенат депутаты, ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев парламенттің жоғарғы палатасында мас көлік жүргізушілеріне қатысты жазаны жеңілдету жайлы ұсынысты талқылауға дайын екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pexels.com
Сенатордың айтуынша, қазір қоғам да, ереже бұзуды тіркейтін жүйе де өзгерген. Сондықтан ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары да жақсарған дейді.
"Есімде, ол кезде құқық қорғау органында істейтін едім. Алдымен мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен 1 жылға, кейін 2 жылға айыратын болды. Меніңше, кейін бұл жаза қатаңдай түсіп, бес жылға дейінге өзгерді. Сосын 7 жылға айырып, 15 тәулікке қамау туралы шешім қабылданды. Бұл шара жайдан-жай қабылданған жоқ. Ереже бұзу тоқтаған жоқ, адамдар мас күйде рөлге отырып, ірі жол апаттарын жасайтын. Адамдардың денсаулығына, мүлкіне зиян келді. Сондықтан осындай жағдайға жетіп отырмыз", – деді Марат Қожаев.
Сенатор жаза қатаң болғандықтан, куәлігінен айырылған жүргізушілер отбасын асырау мүмкіндігінен қағылып отыр дейді.
"Осы тұста мынандай сұрақ туындайды: 7 жыл деген тым ұзақ емес пе? Олар өтініш білдіріп, арыз жазады. Маған да бірнеше өтініш түскен. "Біз жазамызды өтедік қой. 15 тәулікке қамалдық. Кінәмізді түсіндік" дейді. Сондықтан жазасын жеңілдетуді сұрайды. Бұл жаза жағдай ушығып тұрғанда қабылданған. Негізгі себеп адамдар отбасын асырау мүмкіндігінен қағылмауы керек. Сондықтан мәжілістегі әріптестеріміз бұл сұрақ бойынша жұмыс істеп жатқан шығар. Сенатқа түссе, біз де талқылауға дайынбыз", – деп қосты Қожаев.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Николай Арсютин ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына сауал жолдап, елде мас күйде көлік жүргізгендерге қатысты жазаны жеңілдету жөнінде бастама көтерген еді. Ол қазіргі заңнамадағы жазаны “әлемдегі ең қатал” деп бағалады.