Сенат Су кодексін мақұлдамай, мәжіліске қайтарды
20 наурызда сенат депутаттары жалпы отырыста Қазақстан Республикасының Су кодексі мен ілеспе құжат екі оқылымда қаралды. Алайда сенаторлар құжаттардың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны мәжіліске қайтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: senate.parlam.kz
“Жаңа Су кодексі аясында су объектілерін ұтымды пайдалану, стратегиялық жоспарлаудың жаңа құралдарын енгізу, гидротехникалық құрылыстарды басқаруға көңіл бөлу, су ресурстарының мониторингі мен басқарудың ұлттық ақпараттық жүйесін құру, суды ұтымды пайдалану, ысырапты азайту және суды үнемдеу технологияларын енгізу, климаттың өзгеруіне байланысты суды дұрыс пайдалануға бейімдеу, құқық бұзу фактілеріне жедел ден қою мақсатында уәкілетті органға қадағалау функцияларын беру мен баламалы су көздерін жинақтау әрі пайдалану мәселелеріне көңіл бөлінген. Ілеспе заң қолданыстағы заңнаманы жаңа Су кодексінің нормаларына сәйкес келтіру мен су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленді”, – деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.
Заңда Азаматтық, Жер, Орман, Кәсіпкерлік және Экология кодекстеріне, сондай-ақ, қоғамдық қатынастардың әртүрлі аспектілерін реттейтін 13 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Жалпы, депутаттар негізгі және ілеспе заңға 13 түзету енгізуге бастамашы болып, жұмыс тобының 5 отырысын өткізді.
Су кодексін, сондай-ақ, ілеспе заңды талқылау және оларды екінші оқылымға әзірлеу барысында Бас комитеттің, Қаржы және бюджет комитетінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Кодекс пен Ілеспе заңды дайындау барысында мынадай түзетулер енгізілді:
- су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемге байланысты бірқатар нормаларды Салық кодексіне сәйкес келтіру;
- тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органның құзыретін нақтылау;
- арнаулы су пайдалануға рұқсаттан айыру тәртібін нақтылау;
- су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға байланысты нормаларды Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес келтіру;
- бассейндік су инспекциялары жүзеге асыратын мемлекеттік бақылаудың атауын нақтылау бөлігінде Кәсіпкерлік кодексіне өзгеріс енгізу қажеттілігі туындады.