Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сенат сот жүйесін реформалау туралы заңды мақұлдады: Алдағы уақытта не өзгереді

7 қарашада сенат сот жүйесін реформалау туралы заңды мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді. Заң қабылданса, елдегі сот жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

сот сток

Фото: Pixabay.com

Жоғарғы сот мәліметіне сәйкес 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық және қылмыстық істер бойынша дербес кассация енгізіледі. Кассациялық сатыда алдын ала қарау кезеңі алып тасталады. Сәйкесінше азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат емес, кассациялық шағым береді.

"Сот ісін жүргізудің барлық түрлеріне кассациялық қадағалаудың бірыңғай ережелері енгізілуде. Әкімшілік істерге ұқсас, қылмыстық және азаматтық істерді кассациялық сатыда қарау мерзімі қисынды мерзімде, бірақ 6 айдан аспайтын мерзімде жүзеге асырылады", – делінген хабарламада. 

Мұнымен қоса 2027 жылғы 1 шілдеден бастап мүліктік мүдделеріне байланысты даулар бойынша жеке тұлғалардың талап қою сомасы 2 мың АЕК-тен төмен және заңды тұлғалардың талап қою сомасы 30 мың АЕК-тен төмен болуы керек деген талап алып тасталады. Бұл өзгеріс қылмыстық құқық бұзушылықтар және ұсақ қылмыстарға да қатысты болмақ.

Әкімшілік істер бойынша сот шешімі апелляциялық шағымнан кейін заңды күшіне енеді.
Сонымен қатар 2025 жылдың 1 наурызынан бастап “әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылық” енгізіледі. Мұнда жауапкер әкімшілік орган болмақ. Бұл мемлекеттік органдардың қызметіне де тиімді әсер етеді делінген.

"Дербес кассациялық соттардың құрылуына байланысты Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Оның негізгі мақсаты сот практикасын және сот төрелігін жүзеге асыруда заңдылықты сақтау мәселелерін зерделеу әрі қорыту болмақ", – делінген хабарламада. 

Талқылау