Семейде мектеп асханасында бәліштің ішінен тышқанның жүні табылған
Фото: Видеодан скрин
Семейде жаңа оқу жылының басында ғана ашылған мектеп асханасында төтенше жағдай тіркелді. Ондағы бәліштің ішінен тышқанның жүніне ұқсас белгісіз зат табылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір бұл оқиғаның қалай болғанын арнайы мамандар анықтап жатыр.
"Балалар мұғалімге барып айтқан. Ал ол не деді? “Ата-аналарыңа айтпаңдар!” депті. Міне, қараңыздар, бұл тышқан. Бұл жіп емес, тышқанның жүні", – деді ата-аналардың бірі.
Жеуге жарамсыз салмасы бар бәліштің суреті әп-сәтте ата-аналар чаттарында таралып кетті. Ата-аналар бұл жағдайға алаңдап, "Балаларға мектеп асханасында не береді? Мұндай жағдай қалай болуы мүмкін?" деп жауап талап етті.
Оқиға бойынша білім бөлімі арнайы комиссия құрды. Оқушылардың тамақтануына жауапты орынбасарға тәртіптік жаза қолданылған. Қалған тағам түрлерінен әзірге күмәнді зат табылмағанымен, мектеп асханасын санитарлық қызмет мамандары тағы бір мәрте тексеретін болды.
Семей санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Асия Жарылғапованың айтуынша ата-аналар шағым түсіргенін айтады.
"№52 орта мектептің оқушысының туысы тарапынан шағым түсті. Аталған шағым бойынша мектеп асханасына қызмет көрсететін жеке кәсіпкерге қатысты тексеру шаралары жүргізілуде", – деді Асия Жарылғапова.
Тамақ шаң-тозаң мен қоқыстың ортасында әзірленеді: Астанадағы даулы асхана әлі жабылмай тұр
Депутат "зиян" тағамдарды таңбалап, мектеп асханасында сатуға тыйым салуды ұсынды
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында Балпық би ауылындағы №2 мектеп асханасынан түсірілген видеода самсаның ішінен тірі құрт шыққаны байқалған. Бейнежазбаны оқушылар өздері түсірген. Оқиға әлеуметтік желіде тараған соң, ата-аналар мен жұртшылық арасында үлкен резонанс тудырды. Көксу аудандық білім бөлімі жағдайдан хабардар екенін және тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
