Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейдегі оқушының аяусыз соққыға жығылуы: Жасөспірімдердің ата-аналары ата-ана құқығынан айырылды

Видеодан скрин

Семейде қатарластарын соққыға жыққан бір топ жасөспірімнің ата-аналарына қатысты іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ата-аналық құқықтардан айыру және оларды шектеу туралы азаматтық істер қаралды. Үш іс Семей қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның талап арызы бойынша түскен.

Еске салсақ, 2025 жылдың ақпан айында бір топ жасөспірім 6-сынып оқушысын аяусыз ұрып-соғып, қорлық көрсеткен еді.

Соттың мәліметінше, ұрып соғуға қатысқан алты жасөспірімнің ата-анасының үшеуі комиссияның шешіміне шағым түсірген. Қалған үшеуіне қатысты сот отырысы өтті.

- Сотта кәмелетке толмаған қыз баланың анасын ата-аналық құқықтарынан айыру туралы талап арыз толық қанағаттандырылды.

- Екінші істе сот кәмелетке толмаған тағы бір қыздың анасына қатысты талап арызды жартылай қанағаттандырды.

- Ал үшінші жасөспірімнің әкесіне қатысты ата-аналық құқықтардан айыру туралы талап арыз қанағаттандырылмады, бірақ баланы тәрбиелеуге ұзақ уақыт араласпағаны және алкогольге салынғаны ескеріліп, оның ата-аналық құқықтары шектелді.

Соттың мұндай шешімге келуіне ата-аналардың спирттік ішімдіктерді жиі қолдануы, бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылуы, наркологиялық және полиция тіркеуінде тұруы, сондай-ақ балалардың өмірі мен тәрбиесіне қатыспауы себеп болған.

Сонымен қатар ата-аналардан алимент және мемлекеттік баж өндіріп алынды. Қазіргі таңда екі кәмелетке толмаған қыз мемлекеттік қорғаншылық органдарының қамқорлығында.

Еске салсақ, бұған дейін Семейде бір топ оқушы қатарластарын аяусыз ұрып-соққаны туралы жазған едік. Оқушыны аяусыз ұрып-соққан жасөспірімдер арнайы мектепке жіберілді. Сондай-ақ осы оқиғаға байланысты мектеп директоры қызметінен босатылды.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 16 Маусым, 2025 18:36
Талқылау