Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде екінші сынып оқушысы кәріз құдығына құлап мерт болды

Семейде екінші сынып оқушысы кәріз құдығына құлап мерт болды. Қара жамылған отбасындағылардың айтуынша, бүлдіршін үйден сырғанақ тебуге шығып, сол күйі қайтып оралмаған.  Бірден, оны іздеуге кіріскен туыстары болса, араға 15 минут салып баланың өлі денесін ашық жатқан құдықтан тауып алған екен, деп хабарлайды КТК арнасы.

Енді, олардың мән-жайды анықтамақ болған тәртіп сақшыларының, екі айдан кейін берген жауабына көңілдері толмай отыр. Өйткені, бұған ешкім жауапты болмай шыққан. Сондықтан тоғызға жуық кәріз құдығы әлі күнге дейін ашық күйде жатыр.

7 жасар Батыр Сіләмхан, алғашқы ақұлпаның түсуін асыға күтіпті. Ойын баласының ондағы арманы, үйінің қасындағы жотадан сырғанақ тебу болған көрінеді. Сондықтан анасының айтуынша, ол қаржауған сәтте достарымен бірге шанасын алып бірден кетіп қалған. Әйтсе де, далада балалардың алдынан қашқан қоянды қуған бүлдіршін ашық қалған кәріз құдығына құлап кеткен.

“Оны тапқанша көп уақыт, 10-15 минуттай өтіп кетті. Балалар кеш байқап қалады, Батыр жоқ”, – дейді Б.Сіләмханның анасы Гүлжанат Көпбаева.

Ал, Батырдың ажалына шұңқыр себеп болған. Төңірегі қармен көміліп жатқандықтан,оны бала тұрмақ, үлкен адамның өзі аңғармай қалатындай. Оның үстіне, терең құдықтың іші сол мезетте суға толып тұрған. Сондықтан, тұңшығып көз жұмған баланың мәйітін алып шығудың өзі қиынға соғыпты.

Осылайша, бауыр еті баласынан айырылған ана бірден жергілікті ІІБ-на шағым түсірген. Бірақ, ондағылардың екі айдан кейін берген жауабы көңіл көншітпейді. Себебі, қараусыз қалған кәріз құдығына ешкім жауапты емес екен. Енді, зар қақан отбасы, жергілікті биліктің салақтығына қайран қалып отыр.

“Міне, екі ай өтті. Бір адам келмеді. Не болды, қалайша болды сұрамады. Ешқандай жауап жоқ. Кім береді жауапты? Қашанға дейін балалар өледі өстіп. Қазір міне бір батыр өлді. Асырап жеткіздік. Жүрегі ауырады адамының”, – дейді марқұмның әжесі Гүлнар Алтабаева.

Бүгінде, қара жамылған отбасы иең далада ашық қалған 9-ға жуық құдықты санаған екен. Енді, бұл жерде балалар шана, шаңғы теуіп ойнағандықтан, тағы да бір баланың тағдыры қыршын қиыла ма, деп алаңдаулы.Тіпті, жергілікті биліктен қайыр болмағандықтан, олар ашық қалған кәріз құдығын адам көру үшін талдармен белгі қойып шығыпты. Ал бұған жауапты мамандар болса, өздеріне шаң жуытар емес.

“1 ықшамауданда орналасқан ол кәріз құдығы тері былғары  комбинаты АҚ тиесілі болатын. Алайда, мекеме құлдырағанан кейін, қараусыз қалды. Сондай-ақ, коммуналдық бөлімнің қарамағына өткен жоқ. Енді, біз өз балансмызға алу үшін істі сотқа жібереміз”, – дейді Семей қаласы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ілияс Әлиаскар.

Сондай-ақ, мамандар оның жабық тұрған қақпақтарын белгісіз біреудің ұрлап кеткенін айтып ақталып әлек. Бірақ, олар алдағы күндері ашық қалған кәріз құдықтарын түгелдей бекітеміз деп отыр. Ал, қаршадай баласынан айырылған отбасы, бұл жағдайға қатысты қорғаушы жалдап сотқа жүгінбек ниетте. Олар қайткен күнде де, кінәлілерді жауапқа тарттырамақ.

Оқи отырыңыз:

Бір адам мерт болды: Алматыда жол апатын жасаған Range Rover көлігінің күл талқаны шықты

Алматы облысында 12 жасар қызды қонақ үйде зорлаған күдікті ұсталды

Ақтөбедегі өрт: 52 адамның 32-сінің аты-жөні белгілі болды

Ақтөбедегі өрт: 52 адамның 32-сінің аты-жөні белгілі болды

Талқылау