Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Наурызды ерекше ықыласпен қарсы аламыз": Қазақстандағы басқа ұлт өкілдері мейрамдарды қалай тойлайтынын айтып берді

Фото: Оғузхан Абдулкаримнің жеке архивінен

Қазақстан – көпұлтты, көпмәдениетті мемлекет ретінде ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты басты құндылықтардың бірі санайды. Осы бағытта түрлі этномәдени бірлестіктердің рөлі ерекше. Солардың бірі – түркімен этномәдени орталығы. Stan.kz орталықтың төрағасы Оғузхан Абдулкариммен тілдесіп, Қазақстандағы этносаралық қатынастардың бүгінгі жағдайы мен болашағы туралы сұрап білдік.

Оғузхан Абдулкаримнің айтуынша, оның Қазақстанға келгеніне 26 жыл болған. Осы уақыт ішінде ол 25 жыл бойы түркімен этномәдени орталығы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, 2005 жылдан бері орталықты басқарып келеді. 7 баласы бар көпбалалы әке ретінде ол отбасында да, қоғамдық қызметте де ұлттық құндылықтарды сақтауға ерекше мән береді.

“Біздің отбасымызда түркімен дәстүрлері жақсы сақталған. Жалпы, әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі бар, бірақ түркімен мен қазақ дәстүрлері өте ұқсас. Себебі біз – бір ата-бабадан тараған халықпыз", – дейді ол.

Түркімендер “Наурыз” мейрамын ерекше ықыласпен қарсы алып, ұлттық тағамдар дайындап, дәстүрлі киімдерін киеді. Қазақтың наурыз көжесіне балама ретінде түркімен халқы “семени” тағамын әзірлейді. Осы тағам тек дастархан сәні емес, терең символдық мәнге ие мәдени құбылыс. Түркімен этномәдени орталығының төрағасы Оғузхан Абдулкарим семенидің мәні мен маңызына ерекше тоқталады.

“Семени бидайдан әзірленетін ерекше тағам. Ол көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын, молшылық пен берекені білдіреді. Сондықтан бұл тағам Наурыздың басты символдарының бірі саналады. Дәмі табиғи түрде тәтті болады, қант қосылмайды. Семени әзірлеу жай ғана ас әзірлеу емес, көпшілікті біріктіретін ерекше дәстүр. Оның дайындалу процесі бірнеше күнге созылып, үлкен сабыр мен еңбекті талап етеді. Алдымен бидайды көктетеміз, кейін оны езіп, шырынын аламыз. Содан соң ұзақ уақыт қайнатып, ұн, сары май қосамыз”, – деді Оғузхан Абдулкарим.

Фото: Оғузхан Абдулкаримнің жеке архивінен

Сонымен қатар ол тағамды көбіне жалғыз емес, бірге көпшілікпен әзірленетінін ерекше атап өтті.

“Көршілер, туыстар жиналып, бірлесе жұмыс істейді. Осы арқылы адамдар жақындасып, бірлік нығаяды. Сондықтан семени тек тағам емес, ынтымақтың белгісі. Халық арасында семениге қатысты ерекше сенім де қалыптасқан. Кейбір дәстүрлерде оны Наурыздан кейін суға ағызып, тілек тілейді. Сонымен қатар тағамның адамға қуаныш пен бақыт әкелетін, тіпті шипалық қасиеті бар деген түсінік бар”, – дейді Оғузхан Абдулкарим.

Оғузхан Абдулкарим Қазақстандағы мемлекеттік және қоғамдық мерекелердің маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, Тәуелсіздік күні, Алғыс айту күні, 8 наурыз және 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – барлығы қоғамдағы өзара құрмет пен татулықты нығайтатын маңызды даталар.

Фото: Оғузхан Абдулкаримнің жеке архивінен

Сондай-ақ түркімен халқы үшін Мақтымқұлы Пырағы, ал қазақ халқы үшін Абай Құнанбайұлы сынды ұлы тұлғаларға арналған шаралар да ерекше мәнге ие.

“Қазақстандағы этносаралық келісімді нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. Дәл осы алаң әр ұлтқа өз мәдениетін таныстыруға, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Түркімен этномәдени орталығы ұйымдастыратын іс-шараларда ұлттық тағамдар, әсіресе кептірілген жемістер мен тәттілер ұсынылады. Қазақстандықтардың бұл мәдениетке деген қызығушылығы жоғары. Ең әуелі, мәдениетті таныстыруды жөн көреміз. Әр ұлттың дәстүрі ерекше, біздің мақсат – соны көрсету", – дейді орталық төрағасы.

Оғузхан Абдулкарим қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік тақырыбы да қозғалды. Әсіресе 1 мамыр мерекесі аясында ұйымдастырылатын шаралар ерекше атап өтілді. Орталық мүшелері қарттар үйіне, балалар үйіне және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға көмек көрсетіп, қоғамдағы бірлікті нақты істер арқылы нығайтып келеді. Бұдан бөлек жастарды табиғатты қорғау ісіне тарту маңызды бағыттардың бірі екен. Ағаш отырғызу, қаланы тазарту сияқты акциялар тұрақты түрде өткізіліп тұрады екен.

“Фестивальдерде ұлттық өзбек биі, әні орындалады”

Айта кеткен жөн, Қазақстандағы этносаралық келісімнің нығаюына үлес қосып отырған этностардың бірі өзбек халқы. Түркістан облысы Сайрам ауданының тумасы Молайханов Шохмурод Анархановичтің айтуынша, олардың отбасында ұлттық салт-дәстүрлер күнделікті өмірдің табиғи бөлігіне айналған. 

“Үлкенге құрмет, дастархан әдебі, ұлттық тағамдарды дайындау – ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жетіп келе жатқан құндылықтар. Өзбек қауымы үшін Наурыз – ерекше мағынаға ие мереке. Осы күні сүмәлак пен палау әзірленеді. Бұдан бөлек, халим, көк самса, көк тұшпара, норин секілді дәстүрлі ас түрлері де кеңінен дайындалады”, – дейді Шохмурод Молайханов.

Фото: Шохмурод Молайхановтың жеке архивінен

Шохмурод Молайханов өзбек дастарқанындағы ерекше тағамдардың бірі “норинға” да тоқталып өтті.

"Қазақ халқындағы “нарын” секілді ұлттық тағамдарымыздың бірі осы “норин. Оның тарихы тереңде жатыр. Бұрынғы кезде “норин” ұсақтап туралған қайнатылған еттен дайындалып, оған жабайы пияз, сарымсақ, көк шөптер және қою сорпа қосылып ұсынылған. Кейіннен оған қамыр (кеспе) қосыла бастады. Осылайша бұл тағам уақыт өте келе кең таралып, бүгінде көпшілікке белгілі бешбармақ тағамына ұқсас нұсқасы қалыптасты", – дейді ол.

Фото: Шохмурод Молайхановтың жеке архивінен

Шохмурод Молайхановтың пікірінше, өзбек этномәдени бірлестіктері белсенділік танытып келеді. 

“Әсіресе түрлі деңгейдегі фестивальдерде ұлттық би, ән, қолөнер және ас мәзірі арқылы өз мәдениетін кеңінен насихаттайды. Мұндай шаралар тек таныстыру алаңы ғана емес, этностар арасындағы өзара түсіністік пен мәдени диалогты нығайтатын маңызды орта болып отыр. Сонымен қатар, өзбек халқының еңбекқорлығы мен шаруашылыққа бейімділігі ерекше аталады. Бау-бақша өнімдері – қауын, қарбыз, жүзім, өрік, сондай-ақ кептірілген жемістер – олардың тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі”, – деді Шохмурод Молайханов.

Фото: Шохмурод Молайхановтың жеке архивінен

Шохмурод Молайханов Қазақстанда өзбек этносының тілін, мәдениетін дамытуға қажетті жағдай жасалғаын атап өтті. 

“Арнайы мектептер мен мәдени орталықтар жұмыс істейді. Жастардың қызығушылығы әркелкі болғанымен, этнофестивальдер мен мәдени шаралар олардың ұлттық құндылықтарға қайта бет бұруына ықпал етеді. Жалпы алғанда, өзбек халқының ұстанымдары – отбасы бірлігі, қонақжайлық, еңбекқорлық, үлкенге құрмет пен кішіге ізет – еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың маңызды тіректерінің бірі болып қала береді”, – деді Шохмурод Молайханов.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 23 Наурыз, 2026 15:00